Басты бетЖаңалықтар«Қазарнаулыэкспорт» басшысы...

«Қазарнаулыэкспорт» басшысы қамауға алынды

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Арман Рамазановқа қатысты екі ай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

2023 жылғы 11 қарашада Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Арман Рамазановты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, — делінген хабарламада.

Сот хабарлағандай, қаржы мониторингі агенттігі бас әскери прокуратураның үйлестіруімен «Қазарнаулыэкспорт» РМК лауазымды адамдары мен олардың қарамағындағы заңды тұлғалардың басшыларын ұстаған.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, олар мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау шеңберінде бағаны көтеру жолымен әскери және әскери-техникалық мақсаттағы тауарларды (өнімдерді) сатып алу кезінде шамамен 1 млрд теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.

Өзге мәліметтер қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.