Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда саусақ...

Қазақстанда саусақ ізін тапсыру ерікті болады

Келесі жылы елімізде саусақ іздерін тапсыруға ешкімді мәжбүрлемейді. Бұл процесс ерікті түрде жүргізіледі. Ішкі істер министрлігі әуелдегі шешімінен айнып, құжатқа өзгеріс енгізген.

Шешім қабылданып, заң жобасына 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың саусақ ізін ерікті түрде тіркеу мүмкіндігін қарастыратын түзетулер енгізіліп жатыр. Шетелдіктер үшін дактилоскопия шекарадан өту кезінде міндетті болып қала береді, бірақ ел ішінде құжат рәсімдеу кезінде ол ерікті болады, — деді ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов КТК арнасына берген сұхбатында.

Бұған дейін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу кезінде азаматтардан саусақ ізі алынатыны хабарланды. Ішкі істер министрлігі 16 жасқа толған қазақстандықтарды дактилоскопиялық тіркеуден өтуге міндеттеуді жоспарлаған еді.