Қала әкімдігі көктайғаққа байланысты алматылықтарға ескерту жасады

2023 жылғы 12-15 қараша аралығында Алматы қаласында арты қарға ұласатын жаңбыр жауады, қатты жауын-шашын болады. Сонымен қатар «Қазгидромет» РМК болжамы бойынша, түнде ауа температурасының -4 градусқа дейін төмендейді, көктайғақ болуы мүмкін.

Осыған байланысты қаланың коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы қала тұрғындарына ескерту жасады.

Ең алдымен, көлік иелеріне жазғы доңғалақты қысқысына ауыстыру ұсынылады.

Жолдың бетіне мұз қатып, тайғақ болуы мүмкін, сондықтан жүргізушілерді өте мұқият болуға, бүйірлік аралықты сақтауға, қолайсыз ауа райын ескере отырып, жылдамдық режимін сақтауға, кенеттен маневр жасау немесе тежегішті шұғыл басудан аулақ болуға, жол белгілерінің нұсқаулығын қатаң орындауға шақырамыз, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар хабарлама мәтінінде жаяу жүргіншілер жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс нормаларын сақтауы керек, мүмкіндігінше қырағы болуы керек екені жазылған.