«АрселорМиттал Теміртауға» 1 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша энергетикалық қадағалау департаменті хабарлады.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі Теміртаудағы №2 жылу электр орталығына жылу маусымына дайындық паспорты берілмеген. ЖЭО-да №4 және №5 қазандықтарды күрделі және орташа жөндеу кестесі бұзылған, ескі, 16 жыл бұрынғы қондырғылар жаңартылмаған, олардың ақауы бар, №5 қазандықтағы коллекторлар ауыстырылмаған. «№5 қазандықты жөндеу жұмыстарының сметасында 12 дана коллекторды толық ауыстыру көзделгеніне қарамастан, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ оларды өзгертпеген. Тек тазалаумен және жөндеумен шектелген. Жұмыс істеп тұрған коллекторлардың 150-ден 200 миллиметрге дейін елеулі ауытқуы бар, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар №3 қазандықтан түтін құбырына дейін газ құбырын жылу оқшаулау және қазандық цехының шатырын жөндеу жұмыстары аяқталмаған.