Қазақстан президенті мен Ресей президенті Қостанайда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысып отыр.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Осынау алаң 20 жылдың ішінде өзінің қажеттігі мен тиімдігін көрсетіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тиімді стратегиялық серіктестік нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Жалпы, біздің сауда-экономикалық, инвестициялық саладағы, өнеркәсіптік кооперациядағы өзара іс-қимылымыз жылдан-жылға тұрақты өсуді көрсетіп отыр. Мәселен, екіжақты тауар айналымы бүгінде 27 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш, — деді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ресейден Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік қатысуы бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығын, 19 мыңын ресейлік компаниялар құрап отыр.
Біз экономиканың барлық салаларында – өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, көлікте, инфрақұрылымда өзара іс-қимыл жасаймыз. Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың өсіп келе жатқан деңгейін атап өткім келеді. Ресей газының Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға транзитінің жақында іске қосылуы маңызды оқиға болды. Бұл жоба Орталық Азиядағы өңірлік тұрақтылық пен энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуда шешуші рөл атқарады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.