Түсті металлургияда ірі мыс балқыту зауытын салу жоспарланып жатыр. Бұл туралы сенаттың жалпы отырысында 15 ірі серпінді жобаны іске асыру тақырыбын талқылау кезінде өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.
Біз өңдеу өнеркәсібіне талдау жасадық, салалар бойынша бәсекелестік артықшылықтарды және өнеркәсіпті одан әрі дамытудың әлеуетті бағыттарын айқындадық. 2022 жылдың қорытындысы бойынша елге 47,2 миллиард АҚШ доллар көлемінде өнімдер импортталды. Импорттың жалпы көлемінің жартысына жуығы машина жасау саласына тиесілі – 20,1 миллиард АҚШ доллары (компьютерлер, электрон және оптикалық өнімдер, машиналар мен жабдықтар, автокөлік, тіркемелер, электр жабдықтары). Одан әрі химия өнеркәсібі (4,5 миллиард доллар), тамақ өнеркәсібі (3,8 миллиард доллар), қара металлургия (2,8 миллиард доллар) қамтылған. Бұл фактілер өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін бірінші кезекте ішкі нарықтың шетелдік тауарларға сұранысын қысқарту мен экспортты ұлғайту бағытында әлеуеттің бар екендігін айғақтайды. Талдау негізінде біз инвестициялық, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі салаларындағы жобалар тізімін қалыптастырдық. Олардың бір бөлігі іске асырудың белсенді кезеңінде, бір бөлігі дайындық кезеңінде, — деді Қанат Шарлапаев.
Оның айтуынша, ірі инвестициялық жобаларды пулға құрамына қосу үшін министрлік металдарды терең өңдеу, ауыр машина жасау, автокомпоненттер мен тыңайтқыштар өндіру бойынша алдын ала 20-ға жуық жобаны ұсынды. Мәселен, қара металлургияда инвестиция көлемі 920 миллиард теңгеге ($1,9 миллиард, «ССГПО» АҚ) ыстық брикеттелген темір өндіру жобасы ұсынылды. Өндірісті іске қосу темір кені шикізатын қайта өңдеуді тереңдетеді және отандық болат зауыттарын қажет шикізатпен қамтамасыз етеді. Келесі жоба — арнайы мақсаттағы болат өндіретін электрометаллургиялық зауыт (инвестиция көлемі — $262 миллиаон, Казахсталь). Дайын өнімнің (қуаты 1,2 миллион тонна, жұмыс орындары 1 045 адам) шамамен 80% (270 миллиард теңге) ішкі нарыққа, атап айтқанда теміржол машина жасау және оның құрамдас бөліктері (локомотивтер, вагондар мен компоненттер) үшін жеткізу жоспарланып отыр.
Елімізде басқа да жобаларды (көмір химиясы, металл өңдеу, алюминийді қайта өңдеу және тағы басқа) іске асыру қажет екенін ескере отырып, бұл тізім толықтырыла түседі. Талдауға сәйкес, біз инвесторларды тарту үшін сыртқы істер министрлігімен бірлесіп әлеуетті жобаларды пысықтап жатырмыз. Бұл жобалар капиталды қажет етеді және жоғары технологиялық санатқа жатады, — деді министр.