Басты бетЖаңалықтарАстанада бос...

Астанада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді

Астанада бүгін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

“Еңбек мобильділігі орталығы” КММ 2023 жылғы 9 қарашада сағат 14.30-17.00 аралығында «Жастар» сарайында «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» өткізеді, — деп жазылған хабарламада.

Жәрмеңкеде қала аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардағы тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары ұсынылады.

Жәрмеңкеге құрылыс, білім, медицина, сауда, көлік-логистика, қаржы және тағы басқа салалардағы жұмыс берушілер қатысады.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне «Отбасы банк» АҚ, «Центр ипотеки Астана» ЖШС, «QazaqZher» ЖШС, «Астана Тазалық» ЖШС, «Банк ЦентрКредит» АҚ Астанадағы филиалы және басқа да көптеген жұмыс беруші компаниялар қатысады.

Сонымен қатар іс-шара аясында мамандар «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс», «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламалары және «enbek.kz» порталымен жұмыс істеу бойынша түсіндіру жұмысын жүргізеді.