Басты бетЖаңалықтарЕлімізде автокөлік...

Елімізде автокөлік майын газға ауыстыратындарға бақылау күшейеді

Энергетика министрлігі көгілдір отын тапшылығына байланысты жүргізушілерге көліктерін газға ауыстырмауды ұсынды. Отынның бұл түріне баға біртіндеп көтеріледі.

Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Қазіргі уақытта біз автомобиль отыны ретінде сұйытылған мұнай газын тұтыну шамамен 25%-ке өскен жағдайға тап болдық. Өйткені қазақстандық көлік иелері қолдан автокөліктерді газға ауыстырып жатыр. Себебі отынның бұл түрі өзіндік құнынан төмен сатылады, — деді Алмасадам Сәтқалиев мәжіліс кулуарларында.

Оның айтуынша, газ ірі мұнай-газ химия кешендерінде құны жоғары өнімдерді өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланылады.

Бұл газдың ресурсы шектеулі. Қазақстан осы өнім түрінің шамамен 1,5 миллион тоннасын өндіреді. Тұтынудың өсуі біздің өндірістік мүмкіндіктерімізді қамти алмайды. Энергетика министрлігі тапшылықпен күресу үшін бірқатар шараларды жоспарлаған. Бес жыл ішінде өндірушілердің рентабельділік деңгейіне жету үшін газ бағасы көтеріледі, — деді министр.

Оның айтуынша, автокөлікті қолдан жасалған тәсілмен газға ауыстыру нормаларын қатаңдату мәселесі қаралады.