Үкіметте 5G технологиясын енгізу және шалғай елдімекендердегі мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин бүгінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында байланыс операторларының 800-ден астам 5G базалық станциясы орнатылғанын баяндады.
Бұл ретте технологияны енгізуді жеделдету үшін байланыс станцияларын іске қосу мерзіміне айтарлықтай әсер ететін реттеуші бірқатар кедергілерді жою қажет. Бұл жабдықты монтаждау рәсімдерін жеңілдетуге, санитариялық ережелерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге, жер телімдерін уақтылы беруге және тағы басқалары қатысты.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында 5G желісін енгізу жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс екенін еске салды. Осыған байланысты премьер-министр артық әкімшілік кедергілерді жедел жойып, халықты сапалы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету қажет екенін баса айтты.
Сонымен қатар жиында биылғы қазан айында 10 ауылдық мектеп SpaceX компаниясының Starlink технологиясы арқылы тестілік режимде кең жолақты интернетке қосылғаны айтылды. Бұл желідегі деректерді беру жылдамдығы секундына 200 Мбит-ке жетеді. Республиканың шалғай елдімекендеріндегі 2 000 білім беру нысанын жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарланып отыр. Аталған жұмыс шеңберінде тиісті жабдықтарды жеткізу және оларға техникалық қызмет көрсету жүзеге асырылады.
Премьер-министр заманауи байланыс желілерін енгізумен қатар ауыл мектептеріне арналған білім беру бағдарламаларын дамытуға назар аудару қажет екенін баса айтты. Атап айтқанда, жаңа цифрлық форматтар мен тәсілдер арқылы оқушылардың белсенділігін және жалпы білім беру үдерісінің тиімділігін арттыруға болады.