Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев неге халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы бастама көтерді?

Ортақ мәдени-гуманитарлық кеңістік Тәуелсіз мемлекеттер достастығын біріктіруші маңызды фактор болған әрі алдағы уақытта да солай қала береді. 

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Известия» газетіне берген сұхбатында айтты. 

Президенттің айтуынша, бұл бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығымыздың табысты болуына бірден-бір себеп – ТМД елдері халықтарының тілдері мен орыс тілінің үйлесімді әрі теңгерімді дамуы.

Бүгінде БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі саналатын әрі халықаралық тіл мәртебесіне ие орыс тілі – мемлекеттеріміз арасындағы достық қарым-қатынасқа демеу болатын ұйыстырушы фактор. Сонымен қатар өңірлік кооперацияны, ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайтатын пәрменді құрал рөлін атқарып отырғаны жасырын емес. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын, — деді президент.

Президент атап өткендей, орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен туған жоқ. Ұйымның құқықтық субъект ретінде танылуы және оған ТМД-ға мүше емес өзге мемлекеттердің қосылуына ашық болуы маңызды.

Биыл ТМД аумағында Орыс тілі жылы болып жарияланды. Мұның символдық мәні зор. Санкт-Петербург Достастық елдерінің 2023 жылғы мәдени астанасы болды. Ол ТМД елдері арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына зор үлес қосты. Бұл ретте екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып қала береді, — деді мемлекет басшысы.