Baribar.kz жуырда Қазақстанның IT-мамандары қатыса алатын байқауларды тізіп жазды.

«IT⁠-⁠Планета 2024»

«IT-Планета» олимпиадасы — ТМД елдерінің IT саласының дарынды студенттері мен мамандарын анықтауға және қолдауға бағытталған халықаралық онлайн байқау. Байқау Braim инновациялық платформасында өтеді.

Байқау мына бағыттар бойынша өтеді:

  • Astra Linux-ті басқару;
  • 1С: жобаларды басқарудағы бағдарламалау;
  • Postgres Pro;
  • «РЕД ОС-ны» басқару;
  • iSpring;
  • электрон курстарды әзірлеуге шақыру;
  • мобайл қолданба әзірлеу;
  • уеб-дизайн;
  • роббофабрика — D.I.Y. Робот;
  • ақпараттық қауіпсіздік және тағы басқа.

Бірақ олардың қатарына 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін тағы бірнеше бағыт қосылуы мүмкін.

«IT-Планета 2024-қа» 2023 жылғы 1 қарашадан 31 желтоқсанға дейін тіркелуге болады.

«Тәуелсіздік ұрпақтары»

Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізетін «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын алатын байқау басталды. Биыл байқау бойынша 30 грант беріледі. Грант алған әр адамға 3 миллион теңге беріледі. Байқауға 14 жастан бастап, 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары қатыса алады.

Грант бес бағыт бойынша беріледі:

  • ғылым;
  • мәдениет;
  • ақпараттық технологиялар;
  • бизнес;
  • медиа.

Өтінім биыл 26 қыркүйектен 26 қарашаға дейін қабылданады.

«Underdog Tech Award»

Underdog tech award — үздік технологиялық стартаптарға арналған халықаралық сыйлық. Байқау қорытындысы бойынша, үш жеңімпазға ақшалай сыйақы беріледі: бірінші орын — 30 мың доллар, екінші орын — 20 мың доллар, ал үшінші орын иегері 10 мың доллар ұтып алады.

Стартаптар кейінгі бес жылда іске қосылып, дамуының бастапқы сатысында болуы керек. Бұған қоса стартап 4 миллион доллардан артық инвестиция тартпаған және ешқадай халықаралық конференцияларға қатыспағаны болуы қажет.

Underdog Tech Award сыйлығына биыл 28 қарашаға дейін өтінім беруге болады.

«The Webby Awards»

The Webby Awards — жыл сайын өтетін байқау. Байқау уеб-сайт, видео, әлеуметтік желі, мобайл қолданба, подкаст және тағы басқа бағыт бойынша өтеді.

Байқауға қатысу ақылы, оның құны ұсынылатын жобаның бағытына байланысты. Байқауға биыл қатысу үшін жобалар 2022 жылғы қазаннан бастап интернетте тұруы керек. Жеңімпаздар Webby Award премиясына және Webby мүсіншесіне ие болады.

Өтінімді 2023 жылғы 15 желтоқсанға дейін беруге болады.