Елімізде жасалған аяқ киімдер отандық нарыққа жол тартады

Табаны фабрикада құйылып, таза былғарыдан тігілген аяқ киімдер. Сәні мен сапасы шетелдікінен кем түспейді. Фабрика қызметкерлері осылай деп сендірді. Өйтпегенде ше, мұнда тігілген тауарлар тексеруден өткен соң ғана тұтынушыға жол тартады. Сондықтан, әр аяқ киімде шебер қолының табы бар.

Оксана Көркембаева, фабрика жұмысшысы:

— Барлығы қиылып, тігіліп болған соң менің алдыма келеді. Барлық жерін тексеріп, содан соң жіберемін. Табаны өзімізде құйылады. Барлық жұмыстар қолмен жасалатын болғандықтан, өте сапалы. Аяққа кигенде де ыңғайлы, жеңіл.

Жақын күндері фабрикада тігілген 500 жұп аяқ киім тұтынушыға жол тартпақ. Sharkey брендті мокасиндер еліміздегі ірі сауда орындарында сатыла бастайды. Тіпті, кәсіпорынға келіп өзі қалаған тауарға тапсырыс беріп жатқандар да бар. «Егер өндіріске қажет шикізат өзімізде шығарылса, өнімдерімізді экспортқа шығаратын едік», — дейді кәсіпорын басшылығы.

Забира Хасанова, «Жамал-ай» АҚ президенті:

— Елбасы Қазақстанда жасалған тауар сапалы, ыңғайлы, әдемі әрі арзан болуы керек деп біздің алдымызға нақты міндет жүктеді. Сондықтан, осы талапқа сай өнім өндіруді қолға алдық. Бірақ аяқ киім тігетін былғарыны шетелден сатып аламыз. Елбасы аграрлық сектордағы әкімшілік кедергілерді азайту мен шаруалардың жер мәселесі туралы дөп басып айтты. Бұл тапсырма ауыл шаруашылығын дамытып, былғары өндірісін жолға қоюға көмек береді деген үміттеміз.

Былтыр фабрикада мұнайшылар мен жұмысшылар үшін 60 мың жұп аяқ киім мен 1000 жұп шәркей тігілді. 700 млн теңгеге жуық пайда тапты. Жаңа жылдан да күтері көп. Қазірдің өзінде 10-ға жуық ірі мұнай компаниясынан тапсырыс келіп түскен. Кәсіпорын күрделі экономикалық кезеңге қарамастан мемлекетке алақан жаймай, отандық өндірістің өрісін кеңейтіп отыр. Себебі, кәсіпорынның ісі өнімді, өнімдері де өтімді.

Дереккөз24.kz