Алматының Әуезов ауданында жаңа емхана салу үшін жер учаскесі сатып алынды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ерболат Досаев Әуезов ауданындағы №18 емхананың жаңа ғимаратының құрылыс алаңында болды.
Алматы әкімі жұмыс сапары барысында 340 келушіге арналған болашақ емхананың құрылыс алаңын аралады. Ауданы 0,5 гектар жер учаскесі медициналық мекемелердің жүктеме мәселесін шешу үшін жеке тұлғадан сатып алынды.
Ескірген «Дубоктың» орнына №18 қалалық емхананың жаңа филиалы салынады. Қазір шағынауданның 11 мыңға жуық тұрғындары медициналық қызмет алатын ғимаратқа 45 жыл толды. Ол медициналық мекемелерге қойылатын заманауи талаптарға сай емес, энергиямен, жылумен, сумен жабдықтау жүйелері әбден тозған. Жаңа емханада пациенттерге диагностикалық қызмет көрсету, сонымен қатар күндізгі стационар қызметтері қолжетімді болады, кезекте тұрғандарға арналған орындар көзделеді, автомобиль тұрағы ұйымдастырылады, — делінген хабарламада.
Қала басшысы емхананың кіреберісіне назар аударды. Ол азаматтарға ыңғайлы және кептелістерді болдырмау үшін екі жақты қозғалыс және екі жаққа да еркін өту мүмкіндігі бар жолды ұзарту мәселесін пысықтауды тапсырды.
Мамыр шағынауданында Әуезов ауданының тұрғындары үшін емхананың технологиялық жабдықталған қосымша филиалы ашылды. Әуезов ауданының аумағында барлығы 11 мемлекеттік медициналық ұйым жұмыс істейді, оларға 261,1 мың адам тіркелген. Сонымен қатар 38 жеке медициналық мекеме жұмыс істейді, — делінген хабарламада.