Парламент мәжілісі «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы заңын қабылдады.
Жалпы алғанда, бюджеттің бұл параметрлері әлеуметтік және басқа да міндеттемелерді уақытылы орындауға, сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мәжілісте заң жобасы кеңінен талқыланды. Комитеттер мен жұмыс топтарының 25 отырысы өткізілді. Онда депутаттардың 300-ден астам сауалына жауап берілді. Барлық фракциямен жұмыс жүргізілді. «AMANAT» фракциясының кеңейтілген жиналысы өткізілді, — деді үкімет басшысының орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәжілістің жалпы отырысында.
Министрдің айтуынша, депутаттар көтерген мәселелер, әсіресе өңір қажеттері барынша ескерілді.
Нәтижесінде 2,5 триллион теңгеге жуық қаражат маңыздылығына қарай қайта бөлінді. Оның ішінде үкімет резерві есебінен 56 миллиард теңге қосымша қарастырылды. Қорытындылай келе, биылғы заң жобасын талқылауға белсенділік танытқан барлық депутатқа алғыс білдіреміз. Заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын, — дейді ол.