Екібастұзда жылу маусымы басталғалы бері бір ай өтті. Бірақ 20 шақты үй әлі де жылусыз отыр. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Қала тұрғыны Борангүл Мұфтақова төрт жыл бұрын жаңа үйден пәтер сатып алған. Бірақ қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Былтыр қаланың жартысы жылусыз қалса, биыл тағы жылыту құралдарын қосуға тура келді.
Қазанның бірінен бастап жылу берілген, бірақ бізде жылу жоқ. Осылай бір бөлмеде отырамыз. Міне, сұп-суық, — деді ол.
Әкімдік 20 шақты үйдің жылусыз қалғанын растады. Қазіргі кезде үйде тұрғындардың шағымы тіркеліп, әр үй бойынша жеке комиссия құрылған.
Қала әкімінің орынбасары Әнуарбек Амановтың айтуынша, қалада жылу мәселесінің 80%-і шешілген. Бірақ іске тұрғындармен бірге пәтер иелері кооперативі де атсалысуы керек.
Айта кетейік, Екібастұзда жылыту маусымына дайындық жаз бойы жүргізілді. Өткен қыстағы коммуналдық апаттан кейін жылу электр орталығыдағы қазандықтар жөндеуден өтті. Қолданыстағы 400 шақырым жылу желісінің 74 шақырымы ауыстырылды. Қазір қаладағы көпқабатты 690 және 5 мың 700 жер үйге жылу толық қосылған.