Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда еңбек...

Қазақстанда еңбек шартын онлайн режимде рәсімдеуге болады

Қазақстанда еңбек шарттарын онлайн режиде рәсімдеу қызметі іске қосылды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа қызмет HR.Enbek.kz порталында қолжетімді. Жұмысқа тұратын адамдар еңбек шартына портал және Enbek HR мобайл қолданбасы арқылы қол қоя алады.

Тараптар шарт талаптарымен келіскен жағдайда оған ЭЦҚ немесе QR-қолтаңба көмегімен eGov мобайл қолданбасы арқылы қол қоюға болады. Осыдан кейін электрондық еңбек шарты еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне автоматты түрде тіркеледі және жұмыс берушіге де, жұмыскерге де қарау және жүктеу үшін қолжетімді болады. Қажет болған жағдайда оның түпнұсқалығы құжатқа көрсетілген QR-кодпен расталады, – дейді вице-министр Ербол Оспанов.

Бұрын еңбек шарттары қағаз нұсқасында жасалған. Ал барлық ақпаратты кадр қызметтері еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізген. Енді жұмыс берушілер порталдың «Еңбек шарттары» бөлімінде құжаттың жобасын жасап қана қоймай, шарттың жеке файлын да жүктей алады. Сосын оны жұмыскердің жеке кабинетіне қол қоюға жіберуге болады.