Басты бетЖаңалықтарОрал ұстаздары...

Орал ұстаздары табиғат аясында бас қосты

Орал қаласы білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен ұстаздар күніне орай табиғат аясында «Ұстаз деген – жарық күні ғаламның» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Оған мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың және қосымша білім беру ұйымдарының педагогикалық ұжымдары жиналды.

Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Шарада Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қала педагогтерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, саланың үздігі атанған мұғалімдерді марапаттады.

Жергілікті ерекшелік белгісі бар «Орал қаласының Құрметті педагогі» төсбелгісі №35 лицей мұғалімі Т.Никифороваға берілді. Құрметті педагог иегеріне 1 млн 35 мың теңге көлемінде (300 АЕК) сыйақы сертификаты табысталды.

Сонымен қатар «Үздік педагог», «Үздік авторлық бағдарлама» байқауы қалалық кезеңдерінің жеңімпаздары, білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан педагогтер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, облыс және қала әкімдерінің алғыс хаттарымен, Қазақстан оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар ұстаздар күніне орай өткізілген байқаулар қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталып, БҚО кәсіптік одағы Орал қалалық комитеті-филиалының арнайы сыйлықтарына ие болды.

Табиғат аясындағы шара білім беру ұйымдары желілік қауымдастықтары арасындағы әуенді қойылым, туристік тұрмыс және дағды, тимбилдинг түріндегі сайыстармен әрленді. Білім бөлімі мамандары және қосымша білім беру ұйымдары басшыларынан құралған қазылар алқасының бағалауымен ойындар бойынша ұтқырлық танытқан желілік қауымдастықтар Орал қаласы білім беру бөлімінің дипломымен марапатталды.