Қазан айының алғашқы күні елімізде халықаралық қариялар күні атап өтіледі. Осыған орай бүгін Орал әкімі Миржан Сатқанов ардагерлерді мерекемен құттықтады.
Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Біз қашанда қартын құрметтеген, қариясын сыйлаған халықтың ұрпағымыз. Сіздер бүгінгі күннің өзінде, зейнет жасында болсаңыздар да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қариялық болмыстарыңызбен жас ұрпаққа бағыт-бағдар, кеңес бере отырып қоғамның алға дамуына зор үлес қосып отырсыздар. Осы сәтті пайдалана отырып, ақылдарыңыз бен үлгі болар өнегелі істеріңіз үшін шексіз алғысымызды айтамын. Сіздерді бүгінгі мерекеде ғана емес, әр күні қамқорлыққа алып, көмек көрсету — перзенттік парызымыз, — деді шаһар басшысы.
Шараға еңбек арлагерлері, қаланың құрметті азаматтары қатысты. Олар қала әкіміне құрметі үшін ризашылықтарын жеткізіп, баршаға бейбіт те берекелі өмір тіледі. Қазыналы қарияларға арнап мерекелік дастархан жайылып, қалалық көркемөнерпаздар әсем әннен шашу шашты.
Сол күні Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов зейнет жасына дейін шаһарымыздың дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлері Нығмет Кенжебай мен Валентина Шариналардың үйіне барып, мерекемен құттықтады. Олардың ұрпақтары пен жақындарының қамқорлығына бөленіп, ортамызда аман-есен отыруына өз тілектестігін білдірді.
Айта кету керек, «Халықаралық қариялар мерекесі» 1990 жылдың 14 желтоқсанында бекітілген болатын. Оның құрылуына Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бастамашы болды. Содан бергі уақытта бүкіл әлем бойынша жыл сайын осы мейірімге толы мереке аталып өтіледі. Одан бұрын 1982 жылы Қартаю проблемасы бойынша Халықаралық Веналық жоспар қабылданған болатын. Ал 1991 жылы БҰҰ қарт адамдарға қатысты қағидалары қабылданды.
Аталмыш күннің мақсаты — қарияларымызға, жалғыз басты зейнеткерлер мен мүгедек қарияларға қоғамның назарын аудару, сондай-ақ оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де көмек түрлерін көрсету. Халықаралық қариялар күні шеңберінде тегін концерттер, қайырымдылық қойылымдар мен түрлі шаралар өткізіледі.