Қазақстанда жаңа институт құрылады. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, мекеме Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты деп аталады. Министрлік тиісті қаулы жобасын әзірледі.
Институт Каспий теңізінің экологиялық проблемаларын, су деңгейінің төмендеуі проблемасын, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалығының популяциясын, ихтиофаунаны, акватория мен теңіз жағалауын сақтау мәселелерін зерттейді. Тағы бір бағыт – Каспий маңындағы басқа мемлекеттердегі әріптестермен тығыз қарым-қатынасты қамтамасыз ету. Сонымен қатар институт Каспий теңізі экожүйесінің барлық аймағы бойынша объектив және тәуелсіз ақпарат береді, — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, алынған мәлімет мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді шаралар қабылдауына негіз болады. Ғылыми ұйымның құрылуы да Каспий теңізін сақтау бойынша халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық орындауға мүмкіндік береді.