Қазақстандық балаларға ұлттық қордан алғашқы төлемдер қашан түседі?

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 18 жасқа толмаған балалардың арнайы шотына алғашқы ақша 2024 жылғы 1 ақпанда түседі. 

Бұл туралы қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді.

Ол «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы келесі жылы 1 қаңтарда іске қосылатынын айтып өтті. Ал бір айдан кейін кәмелетке толмаған балалардың шотына ақша түсе бастайды.

Алғашқы төлемдер 2024 жылғы 1 ақпанда түседі. Неге бұлай? Бір балаға қанша сома аударылатынын анықтау үшін есептеулер жүргізуге бір ай уақыт кетеді. Бұл қарапайым арифметика: 18 жыл ішіндегі инвестициялық табыстың 50%-і 18 жасқа дейінгі балалардың санына бөлінеді. Осылайша бір балаға берілетін сома анықталады. Бұл ақша келесі жылдың 1 ақпанында аударылады, — деді Дәурен Темірбеков орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар вице-министр ата-аналар балаларының шотына ақша түсіп-түспегенін қалай тексере алатынын айтты.

БЖЗҚ сайты арқылы бақылауға болады. ЖСН енгізіп, балаға қаражат аударылды ма, жоқ па, тексере алады. Ал бірнеше жыл ішіндегі соманы білу үшін Egov-тағы жеке кабинетке кіру керек. Интеграция бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, жыл аяғына дейін аяқталады, — деді Дәурен Темірбеков.

Айта кетейік, балалар 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы ақшаны екі мақсатқа ғана жұмсай алады: баспана сатып алуға немесе оқу ақысын төлеуге. Бұл ретте балаларға ақшаны шетелде білім алу үшін пайдалануға рұқсат етіледі.