Басты бетЖаңалықтарМаңғыстауда жаңа...

Маңғыстауда жаңа газ құбыры іске қосылды

Премьер-министр Әлихан Смайылов телекөпір арқылы ұзындығы 308 шақырым болатын «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісін іске қосты. 

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісін іске қосу елдімекендерді, ірі өнеркәсіптік нысандарды, сонымен қатар жылу және электр қуатын өндіретін Маңғыстау облысының бас энергетикалық кәсіпорны – «МАЭК» ЖШС-ны газбен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Әлихан Смайылов аталған жоба өңірдің экономикалық дамуы үшін үлкен маңызға ие екенін айтты.

Оның айтуынша, «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісінің өткізу қабілеті жылына 5,8 миллиард текше метр болады. Бұған дейін «Окарем-Бейнеу» газ құбырының аталған бағыт бойынша өндірістік қуаты шамамен 3 миллиард текше метр ғана болатын.