Басты бетЖаңалықтарБиылғы екінші...

Биылғы екінші тоқсанда Қазақстанда TikTok–та миллионға жуық бейнеролик өшірілді 

TikTok адамдар шығармашылықпен айналысып, көңіл-күй көтеріп және жаңа дүниелерден хабардар болуы үшін қауіпсіз орта құруға ұмтылады. Осы мақсатта компания үнемі қауіпсіздік шаралары бойынша есеп беріп отырады. Биылғы жылдың екінші тоқсанында компания әлем бойынша қауіпсіздік талабына сай келмеген 100 миллионнан аса видеоны өшірген.

Компания платформадағы қауіпсіздікті сақтау үшін Қауымдастық ережесін бұзатын контентті анықтап отырады. Кейін бұл контентке қатысты шара қолдану үшін  инновациялық технологиялар мен командаларды қолданады. Ережелер барлық TikTok қолданушысы үшін жалпы мінез-құлық кодексі ретінде жүреді. Қазір әлем бойынша қолданушылардың қауіпсіздігі үшін 40 мыңнан астам адам жұмыс істеп отыр. 

Контентті басқару бойынша мынадай бірнеше тәсілге мән беріледі:

  • Платформадан ережеге қайшы контентті өшіру;
  • Ересектерге арналған контентті тек ересек қолданушылар (18 жас және одан үлкен) көре алатындай жас шектеуін қою;
  • Қауымдастыққа пайдалы ақпарат ұсыну.

Компания есебі бойынша, 2023 жылғы екінші тоқсанында:

  • қауымдастық ережесін бұзғаны үшін әлемде 106 476 032 бейнеролик жойылған;    
  • бейнебаяндардың 96,5%-і өзге қолданушылардан шағым түспей тұрып және жарияланбас бұрын өшірілген;
  • бейнероликтердің 90,8%-і жарияланғаннан кейін 24 сағат ішінде жойылған. 

Ал Қазақстанда: 

  • қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін 950 247 бейнеролик жойылған. Оның ішінде 96,1%-і видеоға шағым түспес бұрын және жарияланбас бұрын өшірілген. Бейнебаяндардың 88,2%-і жарияланғаннан кейін 24 сағатта жойылған.

Компания бұл шаралар қолданушылардың қауіпсіздігі үшін жасалатынын айтады. Алатформаның жас қолданушылары қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. TikTok – тек 13 жастан асқан қолданушыларға арналған платформа. Бұл орайда платформаның модераторлар командасы аккаунтың 13 жасқа толмаған балаға тиесілі болуы мүмкін де анықтай алады. Қауіпсіздік командасы аккаунт кішкентай балаға тиесілі деп есептесе, оны бұғаттай алады. 

TikTok — 13  жасқа толмағанына байланысты жойылған аккаунт санын көпшілікке жариялаған алғашқы ірі платформа. Осылай, 2023 жылғы екінші тоқсанда әлем бойынша 13 жасқа толмаған қолданушылардың 18 823 040 аккаунты жойылған.

Платформа 18 жасқа толмаған қолданушылар үшін де бірқатар қауіпсіздік шарасын енгізді. Мысалы:

  • тек 16 жастан асқан қолданушы жеке хат алмаса алады;
  • тек 18 жастан асқан қолданушы виртуал сыйлықтарды алып, басқаларға жібере алады. 

TikTok жасөспірім баласы бар ата-анаға «Отбасылық баптаулар» деген арнайы қызметті пайдалануды ұсынады. Бұл арқылы ата-ана баласының TikTok-ты қолдану шарттарын орната алады. Бұл үшін ересек адам өз аккаунттын 13 жасқа толмаған баласының парақшасымен байланыстыруы керек. 

Осыдан соң баланың TikTok-ты пайдалану уақытын шектеуге болады. Балаға хат жаза алатын адамдар тізімін бекіту немесе хат алмасу қызметін де толық өшіруге болады. Сонымен қатар ата-ана баласының TikTok лентасында шығатын бейнелерді анықтау үшін кілт сөздерді енгізе алады.