Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында елдің рухын көтерген бірегей шара өтті. Бір емес бірнеше тарихи нысан ашылған салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы кеп, бөкейліктердің қуанышына ортақтасты.
Облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени-архетектуралық- -этнографиялық-музей қорығында визит орталығының тұсауы кесіліп, әкімшілік ғимараты, С.Меңдешов пен А.Оразбаеваның мемориалдық музейлері пайдалануға берілді.
Жеті жұрт көшіп, жеті жұрт жайлаған мекен Бөкей сұлтан атамекенге айналдырған қасиетті ауыл замана талабына сай жаңғырып, жаңаруда. Бүгінгі шара осының дәлелі. Осындай жақсылық жалғасты болсын! Руханиятқа қызмет етіп отырған музей қызметіне толайым табыс тілеймін. Әр көшесіне шежіре, әр ғимаратына сыр тұнған тарихи мекеннің даңқы арта берсін! — деп Нариман Төреғалиев өз тілегін білдірді.
Музей ісінің ардагері Амантай Хамзин, ұзақ жылдар музейге басшылық жасаған Темірболат Махимовтың зайыбы Разия Жаманғариналар облыс басшысымен бірге су жаңа ғимараттың лентасын кесті.
Визит орталығына «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В» компаниясы 432 млн теңге бөлсе, С.Меңдешев пен А.Оразбаеваның музейлері үшін 20 млн теңгеден қаржы қарастырған. Ал құрылыс жұмыстарын «Жайыкселстрой» ЖШС атқарған. Заманауи талаптарға сай салынған визит орталығында жанға жайлының бәрі бар.Тіпті кіп-кішкентай балақайлар үшін де жағдай жасалыпты.
Облыс басшысы Нариман Төреғалиев ауданымызға келген жұмыс сапары аясында жол құрылысына жауапты мердігерлермен кездесіп, жол мәселесін де бір пысықтап өтті.
Көптің көкейінде жүрген көп сұрақтың бірі де осы жолға қатысты. Ел президенті Қ.Тоқаевтан бастап, маңызды құрылыстың қарқынына алаңдаулы. Әзірше ауа райы да бірқалыпты боп, бізге қарасып тұр. Осы сәтті пайдаланып жұмыстың қарқынына арттыруымыз керек. Қажет десеңіздер жұмыс күшін де еселеуге дайынбыз, — деді ол мердігерлермен кездесуде.
БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында:
Биыл жол құрылысына жауапты жігіттеріміз ауқымды жұмыс тындырды. Бұған ұйымдастыру жұмыстарының оңтайлы жүзеге асқанын арқасында қол жеткізіп отырмыз. Үкімет- әкімдік-мердігер үштігінің ықпалдасып жұмыс істеуінің нәтижесі деп білемін. Жол құрылысына жауапты Ерлан Махамбетов сияқты маманымыз алты ай жаз осында қона жатып жұмыс жасады. Бұған дейін бір жылда тек 30-35 шақырыммен ғана шектелетін еді. Биыл 120 шақырымға жол төселді. Астыңғы қабат болса да жол сапасы біркелкі жеңілдеді. Осы кезге дейін сегіз сағаттап жүріп келсек, жол екі сағатқа болса да қысқарғанына өздеріңіз де куәсіз, -деді әкім.