Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жалпы көлемі бойынша Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының үлесі 40%-тен асады. Бұл ретте еліміздің Шыңжаңмен тауар айналымы биылғы жартыжылдықта 87%-ке өсіп, 8,5 миллиард доллар болды.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚКП ОК саяси бюросының мүшесі, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесуінде айтты.
Мемлекет басшысы сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм сияқты көптеген бағыт бойынша Қазақстанның Шыңжаңмен арадағы қарым-қатынастарының нәтижелерін жоғары бағалады.
Қазақстанның Шыңжаңмен өзара сауда-саттық мәселесінде өңірлік ынтымақтастықтың қолданыстағы механизмдерінің мәні зор. Менің ойымша, оларды дұрыс пайдалана білсек, айтарлықтай ілгерілеуге болады, — деді президент.
Президент Қазақстан аймаққа жеткізілетін өнім түрлерін ұлғайтуға дайын екенін айтып өтті.
Атап айтқанда, металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, тамақ өнімдерін, сонымен қатар құрылыс материалдарын экспорттауға мүмкіндік бар.
Ал агроөнеркәсіп және азық-түлік секторындағы ықпалдастыққа келер болсақ, бұл бағыттағы әлеуетіміз зор. Қазақстан Қытай нарығына экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты жеткізе алады, – деді мемлекет басшысы.