«Астана Моторс» Қазақстандағы NEV (жаңа қуат көздерімен жүретін) автокөліктерге арналған электр жабдықтарының ресми дистрибьюторы және электр зарядтау станциялары желісінің операторына айналды. Дистрибьюторлық келісімге TELD New Energy Co. бас директорының орынбасары Тян Хуа және «Астана Моторс» бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Ақылбек Анарбаев кеше Бейжіңде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары кезінде қол қойды.
Астана Моторс
TELD New Energy Co. – «Астана Моторс» дистрибьюторлық келісіміне қол қою рәсімі. Фото: Астана Моторс

TELD – әлемдегі электромобильдерді зарядтауға арналған желілік технологиялар саласындағы стандарттардың негізін қалаушы және әзірлеуші. Ол — Қытайдағы орнатылған зарядтау терминалдарының саны, зарядтау тиімділігі және технологиялар мен операциялық жүйелер бойынша зарядтау инфрақұрылымы саласындағы көшбасшы.

Компания электромобильдерден шыққан батареяларға зарядтау станцияларына арналған энергияны жинақтай отырып, оларды қайталап қолдану қағидасын ұстанады. Мұндай қағида батареяларды кәдеге жарату мәселесін шешеді және бұл — TELD компаниясының маңызды артықшылығы.

Тян Хуа ханым компанияның қытайлық топ-100 жалғыз мүйіз компанияларының құрамына кіретінін айтып өтті. Бүгінде TELD компаниясының Қытайдағы нарық үлесі – 33%, 20 мыңнан аса электрлі зарядтау станциялары мен 450 мың зарядтау терминалдары пайдаланылып жатқан 360 қалада бар.

TELD зарядтау-өнеркәсіптік интернет саласында үлкен аналитикалық, инженерлік деректерге ие. Біз «Астана Моторс» компаниясының Қазақстанда зарядтау инфрақұрылымын дамытуға деген ұмтылысын құптаймыз. TELD өзінің серіктесі «Астана Моторс» компаниясына сапа стандарттарына сәйкес электрлі зарядтау станциялары желісіне арналған жоғары технологиялы жабдықтар жеткізетін, тәжірибесін бөлісетін және қарым-қатынасты нығайтуға, елдер арасындағы өзара әрекет ету салаларын кеңейтуге ықпал етеді, – деді TELD бас директорының орынбасары.

Бүгінде «Астана Моторс» Satbayev University-мен бірге TELD компаниясының тәжірибесіне сүйене отырып, зарядтау инфрақұрылымын кәсіби деңгейде ұйымдастыру үшін ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп жатыр.

Біздің мақсатымыз — экологиялық жағдайды жақсарту үшін электр көлігінің зарядтау инфрақұрылымын дамыту арқылы Қазақстанның жаңа энергия көздерімен жұмыс істейтін автокөліктерге көшуіне ықпал ету. Қазақстанның автокөлік нарығын TELD стандарттары бойынша жоғары технологиялы өнімдермен және жоғары сапалы қызметтермен қамтамасыз ету. Энергетика мен IT-технологиялар саласында білігін арттыра отырып, қазақстандықтар үшін жұмыс орындарын ашу, – деді «Астана Моторс» СЕО Бекнұр Несіпбаев.

Қазақстандықтардың экологиялық көлік түріне ауысуына келер болсақ, «Астана Моторстың» қытайлық BYD брендіне ресми түрде өкілдік ету құқығына ие болғаны және 2024 жылдан Қазақстанда NEV (жаңа қуат көздерімен жүретін) автокөліктерін сата бастайтыны белгілі болды.

Экологиялық таза энергия саласындағы көшбасшы BYD компаниясының бүкіл әлем бойынша 5,1 миллион NEV автокөлігін шығарамын деген амбициялық жоспары экотрендті, соның ішінде Қазақстанда да дамытуға бағытталған салмақты ниетін білдіреді.

«Қазақстан автокөлік одағы» (ҚАО) сарапшылары қазір зарядтау инфрақұрылымын ұйымдастыру саласында нормативтік-құқықтық база қалыптастыру бойынша ұсыныс әзірлеп жатыр.

Қоршаған ортаны қорғау – бүкіл әлем қауымдастығының жаһандық мақсаты. ҚАО тұтынушылардың да, бизнестің де мүддесін қорғайды. Сондықтан біздің сарапшыларымыз Қазақстандағы NEV автокөліктеріне арналған инфрақұрылымды ұйымдастыру бойынша сұрақтарды шешуге атсалысып жатыр. Барлық өңірде электр зарядтау станцияларының дамуына және жеткізуді жолға қоюға, ресми дилерлік орталықтарда сервис деңгейінің жоғары болуына қарай, қазақстандықтар жаңа энергия көздерімен жұмыс істейтін автокөліктерге белсендірек ауысып отыратынына сенеміз, – деді ҚАО Автосарапшылар және аудиторлар қауымдастығының өкілі Ербол Сейпілов.

«Астана Моторстың» электрлі зарядтау станцияларының желісі 2024 жылы Алматыда, Астанада және Шымкентте жұмыс істей бастайды деп жоспарланып отыр. Электр зарядтау станцияларының желісін Қазақстан бойынша одан әрі дамыту үшін «Астана Моторс» шағын және орта бизнесті тартуға ниетті.

«Астана Моторс» электр жабдықтардың ресми дистрибьюторы және электр зарядтау станциялары желісінің операторы ретінде осы бағытта дамуға мүдделі отандық кәсіпкерлермен ынтымақтас болуға дайын. Біз TELD озық технологияларымен және бизнестегі тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз, – деді «Астана Моторс» СЕО Бекнұр Несіпбаев.

Еске салайық, 2023 жылғы тамыз айында өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2029 жылға қарай республиканың ірі қалаларында электромобильдерге арналған инфрақұрылым құру жөніндегі жол картасын бекітті.

Жоба жоспарында инфрақұрылымды жобалауға және орналастыруға, электромобильдерді зарядтауға арналған қазақстандық жабдықтарды өндіруге, электромобильдерге арналған зарядтау станцияларына деген қажеттік пен оларды орнату орындарын анықтауға қатысты нормативтік және техникалық талаптар көзделген.