Алматы әкімдігі жарықтандыру жұмысын дұрыс атқармаған жеке компанияға қарсы сотта жеңіске жетті. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шарт жасалған кезде жеке серіктес жыл сайын бес жыл ішінде 8 915 жарық нүктесін жаңарту керек болған. Демек, жыл аяғына қарай 35 661 жарық нүктесі қосылуы керек еді, алайда бұл міндет орындалмаған.
Жеке серіктес шарт бойынша өз міндеттемелерін толыққанды орындамады және көшені жарықтандыру мәселелерін шеше алмады. Соның салдарынан, қала көшелерінде жарық болмады, тұрғындарының шағымдары көбейе бастады, — делінген хабарламада.
Жергілікті билік амалсыз сотқа шағымданған. Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Алматы қаласын сыртқы жарықтандыруды модернизациялау» жобасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты бұзылды.
«Алматы Қала Жарық» МКК-нің «ABM — Вuilding 2007» ЖШС, «Электроремонт» ЖШС және «ABM — Project» ЖШС үш компаниядан тұратын жеке әріптес-консорциуммен шарт бұзылды.
Қала әкімдігі қала тұрғындарына электр жарығына қатысты кез келген өтініш-шағыммен хабарласатын байланыс нөмірлерін таратты.
«Алматы Қала Жарық» диспетчерлік бөлмесіне телефон нөмірлері бойынша қоңырау шалыңыз. +7 771 718 24 39, +7 771 718 24 56. Диспетчер сіздің өтінішіңіз бойынша өтінім қалыптастырады. Өтініште сіз мекенжайды, мәселенің мәнін және байланыс деректерін көрсетесіз. Сізге өтінішіңіздің нөмірі беріледі, — делінген хабарламада.