Emirates әуе компаниясы Қазақстанға рейс ашу мәселесін қарастырып жатыр

Emirates әуе компаниясы Қазақстанға рейс ашу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Иран және Орталық Азия бойынша өңірлік менеджер Мұхаммед Сәлім Әлхаммади бастаған Emirates әуе компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесуде әуе компания Қазақстанға рейстерді 2024 жылы ашуды жоспарлап отырғаны хабарланды. Рейстерді ашу мерзімі «Боинг-787» және «Эйрбас-А350» әуе кемелерін жеткізумен байланысты.

Сонымен қатар ҚР және БАӘ авиациялық билік орындары арасындағы уағдаластықтарға сәйкес елдер арасында «ашық аспан» режимі қолданылады. Оған сәйкес елдер арасында әуе компаниялар, бағыттар, рейстерді орындау жиілігі және әуе кемелерінің сыйымдылығы бөлігінде рейстерді орындауға шектеу жоқ. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Emirates әуе компаниясының Қазақстанға рейс ашу мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Айта кетейік, Emirates – жолаушылар тасымалы көлемі бойынша әлемдік әуе компаниялар арасында көшбасшылардың бірі. Былтыр әуе компания 43 миллионнан астам жолаушыны тасымалдады.