Енді Қазақстан азаматтары Жиддаға тіке ұшып бара алады. Air Astana әуе компаниясы Алматы-Жидда бағытын ашты. Бір топ журналист болып жаңа бағытпен жолға шықтық. Жидда қандай қала? Турист қайда барып, не көруі керек? Жаңа бағытпен ұшып барып, Меккеден қажылық өтеуге бола ма? Бүгінгі жолжазбада Жидда сапарын баяндаймыз.

Жидда келбеті

Бір топ журналист Алматы халықаралық аэропортына ала таңнан бардық. Сағат 7:00-де Сауд Арабиясының Жидда қаласына ұшуымыз қажет. Енді 2023 жылғы қазан айынан бастап Қазақстаннан Жиддаға ұшып баруға болады. Өйткені Air Astana әуе компаниясы Алматыдан тіке баратын бағыт ашты.

Жидда, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Компанияның ұшағы әдеттегідей жайлы, бортсеріктері мәдениетті, тамағы дәмді.

Air Astana, Жидда, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Air Astana, Жидда, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бортта Меккеге қажылық өтеуге бара жатқан адамдар да отырды. Үстіне иһрам байлап алған. Жиддаға барар жолда Меккенің үстінен өтеміз. Қажылық шарты бойынша, бұл кезде парызын өтеуге бара жатқан адам михат күйіне енуге тиіс. Ал оның бір ережесі — иһрам байлау.

Жеті сағаттай ұшып, Жидда қаласына жеттік. Аэропортта жұмыс істеп жүрген біраз әйелді байқадық. Қалаға шықсақ, күн қапырық екен. Әп сәтте су тер болдық. Жидда аймағын Қызыл теңіз шайып жатыр. Теңізден келетін бу да ауа райына әсер етуі мүмкін.

Жидда қаласының атауы «апа, әже» дегенді білдіреді. Сауд Арабиясындағы ежелгі қала болғандықтан, осылай аталса керек.

Жидда, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Жидда
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жидда Мекке қаласына жақын орналасқан. Елдің экономикалық астанасы. Бұл елге дүниежүзіндегі мұсылмандар кіші және үлкен қажылық өтеу үшін келеді. Қалада 3,6 миллионнан астам халық тұрады.

Қаладан Сауд Арабиясы жалауы желбіреп тұрғанын жиі көрдік. Ел ханзадасы Мұхаммед бин Салман әл Саудтың да суреті жер-жерге ілінген.

Жидда, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қонақүйге жайғасқан соң, түскі асқа шықтық. Мейрамханаға кіргенде әйелдер мен еркектер бөлек-бөлек кабинада отыратынын көрдік. Әйелдер отыратын кабинаға даяшы қыздар, ерлер отыратынына даяшы жігіттер қызмет етіп жүрді. Ел Ислам дінін ұстанатындықтан, осындай дәстүр қалыптасқан.

Жидда, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қалада кез келген жерде намаз оқитын орын бар. Онысы түсінікті де. Бірақ бізді таңғалдырғаны, намаз оқитын жер шағын емес, құдды бір мешіттің ішіндей кең. Сауда-ойын-сауық орталықтарының ішінде ерлер мен әйелдерге бөлек салынған мешіттерді көріп, таң-тамаша болдық. Азан шақырылғанда дүкеншінің бәрі есігін жауып, барып құлшылық жасап келеді.

Жидда
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жиддадан бағдаршам да, көшеден адам өтетін жолақ та байқамадық. Халық оларсыз-ақ жолды кесіп өтуге үйренген. Соғылған жері анық көрініп тұратын көліктер алдымыздан зулап өтіп жатты. Өйткені соғысып қалса, мұны жай дүние санап, көбі кешіріммен қарайды. Содан да қазақстандықтар Сауд Арабиясынан әкелінген көлікке жоламауға тырысады. Өйткені олар көлікті аямай айдайды.

Қалада қоғамдық көлік өте аз. Халық өз көлігімен жүреді немесе такси шақырады. Такси шақыру үшін Kareem, Recab, Uber сияқты мобайл қолданбаларын жүктеп алдық. Такси ақысы қымбат екен. Жолдың алыс-жақынына қарай, 10 мың теңгеге дейін барады.

Әл-Балад — қаланың тарихи орталығы

Түскі астан соң, қаланың тарихи орталығы әл-Балад ауданына жол тарттық. Бұл аудан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра нысандары тізіміне кірген.

Жидда, қажылық
Әл-Балад ауданы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Әл-Балад, Жидда
Әл-Балад ауданы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Әл-Балад, Жидда
Әл-Балад ауданы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ауданда базарлар, дүкендер және дәмханалар көп. Қазақстанға осы жерден сыйлық пен кәдесый алып кетуге әбден болады. Visa карталарымен төлеуге мүмкіндік бар.

Жидда, риал
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Валютасы «риал» деп аталады. Бір риал — 127,5 теңге. Қонақүйге кірсеңіз де, дүкенге бас сұқсаңыз да, арабтар қонағына өзінің ащы кофесі мен құрма ұсынады.

Жидда, әл-Балад
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазір қалада «Saudia Vision – 2030» жобасы жүзеге асып жатыр. Жоба бойынша, қалаға турист тарту үшін ауданның тарихи кейпін сақтай отырып, қалпына келтіреді.

Ауданда келе жатып мысықтарды көп көрдік. Стамбулдағыдай емін-еркін жүре береді. Сүтке тойып алатыны көрініп-ақ тұр.

312 метрлік фонтан

Дүкен мен базарды аралап, қаланы көреміз деп жүргенде көз байланатын уақыт болыпты. Қызыл теңіз жағалауының кешкі қалпын тамашалайық деп сонда бет алдық.

Жидда, Қызыл теңіз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Жидда, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мұнда биіктігі 312 метр болатын Фахд патша деген фонтан бар. Бұл — әлемдегі ең биік фонтанның бірі. Түнде түрлі-түсті болып төбеге атылғаны таңғажайып. Ондай түстерді шығару үшін фонтанға түрлі-түсті жарық шығаратын шам бекіткен.

Жидда, фонтан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Негізі фонтан 1983 жылы салынған. Бастапқыда суды 120 метрге көтеретін. Кейін бірнеше рет өзгеріс еніп, қазіргі биікке жетті. Фонтан Сауд Арабиясының сол кездегі патшасы Фахд ибн Әбдел Азиздің кезінде салынғандықтан, атауы сол патшаның құрметіне қойылған.

Қазақстан мен Жидда арасындағы визасыз режим туралы

Ертесіне Қазақстанның Жиддадағы Бас консулдығына кірдік. Бас консул Руслан Қоспановпен әңгімелестік. 2019 жылы консулдық Бас консулдыққа ауыстырылыпты. Өйткені бұл елдегі қазақстандықтардың саны артып келеді. Кіші және үлкен қажылық өтейді, осындағы оқу орындарында білім алады және осы елде жұмыс істейтіндер де бар.

Жидда, консулдық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бас консулдық Жидда, Мекке, Медина, Таиф, Тувал және Янбу қалаларындағы Қазақстан азаматтарының құқығын қорғайды.

Жидда, консул, қажылық
Руслан Қоспанов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Елге жыл сайын кіші және үлкен қажылыққа келетін халық көп. Сондықтан бұл жақ визасыз режим енгізу процесін әзірше қарастырып жатқан жоқ. Дегенмен Қазақстан дипломатиялық және қызметтік паспорт иесін визадан босататын келісімшарт дайындады, ол талқыланып жатыр, — дейді Руслан Қоспанов.

Тарихқа үңілсек, Сауд Арабиясы қанша жылдан бері дінді берік ұстанған жабық ел болған. Шетелдіктер кіре алмайтын.

Қазір жаһандану заманы келгендіктен, мұндай ереженің бәрі өзгеріп жатыр. Туристік виза алуға да жеңілдік жасалған. Қазір туристік визаны 15-20 минутта онлайн алуға болады, мысалы, — дейді Бас консул.

Бас консулдық Жиддаға барған Қазақстан азаматтары төлқұжатын жоғалтып алғанда көмектеседі. Ондай жағдай жиі болады екен.

Руслан Қоспановтың айтуынша, қажылық өтеуге келетіндер бұл жерде ұрлық-қарлық жоқ, ешкім заң бұзбайды деп ойлайды. Дегенмен Бас консул олай емес екенін, барлық жерде затқа ие болу керек екенін айтты.

Жидда, консул, қажылық
Руслан Қоспанов журналистермен. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жиддадағы қазақстандықтар Бас консулдыққа тәулік бойы хабарласа алады. Жедел байланыс нөмірі – +966 55 636 2110. Мекенжайы — Kingdom of Saudi Arabia, Jeddah City, Al-Khalidiya Distr., Al-Mustaqar Str., 16. Электрон поштасы – [email protected].

Акула мен пингвині бар Факих аквариумы

Жиддаға қыдырып барған адам Факих аквариумын көрмей кетсе, болмас. Бұл — Сауд Арабиясындағы теңіздегі жануарлар мекен ететін алғашқы кешен. Дәл Қызыл теңіздің жағасына салынған, теңіздің толқыны естіледі.

Жидда
Факих аквариумы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Аквариумды теңіз жәндіктерінің 200-ден астам түрі мекен етеді. Олардың 85%-і Жидданың таза маржан рифтерінен тұрады. Аквариумды «Қызыл теңізге арналған терезе» деуге де болады. Аквалангпен сүңгуді қажет етпей-ақ аймақтың суасты экожүйесін бақылаудың ең жақсы тәсілі.

Факих аквариумы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Факих аквариумы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Жидда
Факих аквариумы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Жидда
Факих аквариумы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Факих аквариумында жойылып кетуге таяу қалған алып тасбақалар, акулалар және пингвиндер бар. Әлемдегі ең улы балық — тасбалық та осында. Ол адамды бес минутта-ақ сеспей қатырады.

Аквариум жұмыс күндері 10:00-ден 23:00-ге дейін ашық болады. Ал жұма күні 13:30-да, сенбі күні 13:00-де ашылады. Билет құны — 55 сауд риалы (7 мың теңгедей).

Жиддадағы интернет және ағылшын тілі

Қалада интернетпен жүргіңіз келсе, я өз операторыңыздан роуминг қосып алу керек, болмаса жерглікті SIM-картаны сатып алу қажет. Жанымдағы әріптестерім роуминг қосып алды. Ал мен қонақүйде wi-fi бар болғандықтан, интернетсіз жүремін дедім. Қалада қонақүйлерде, сауда орындары мен мейрамханаларда тегін wi-fi бар. Дегенмен кейбіріне жергілікті SIM-картамен тіркелуге тура келеді.

Жидда
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мұнда негізгі тіл — араб тілі. Бірақ арабтардың басым бөлігі ағылшын тілінде сөйлей алады. Ал елге Пәкістаннан, Ауғанстаннан, Бангладештен және Үндістаннан көшіп келгендердің ағылшынша сөйлегенін көрмедік. Тіпті, арабша білмейтіндерді де байқадық.

Жидда
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Арабтар сыртта серуендеуге күннің беті қайтқан уақытта, кешке таман шығады. Біз де сол уақытта серуендеуге тырыстық. Сонда қала халқының қоқысқа аса мән бере қоймайтынын байқадық. Көшеде қоқыс шашылып жатады, халық тұрмақ тәртіп сақшыларының өзі қоқысты оңды-солды тастағанын көріп, таңырқап қалдық. Бірақ ертеңіне таң азанымен тазалық қызметкерлері қаланы аралап, қоқыстың бәрін жинап әкетеді.

Қара теңіз

Сапарымыздың төртінші күнінде катермен Қызыл теңізге шықтық. Бір катерді 1500-2500 риалға (шамамен, 200-300 мың теңге) алты сағатқа жалдауға болады.

Жидда
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Жидда, Қара теңіз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Жидда, Қызыл теңіз
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Катердің ішінде жемісті сығып жасаған сусынның саналуан түрі, тіскебасар мен жеміс-жидек ұсынылады. Оған қоса суда шомылып, ойын-сауық тамашаладық. Суы өте ащы екен.

Кіші қажылық

Одан кейін бәріміз иһрам сатып алдық. Меккеге барып кіші қажылық өтемекшіміз. Түнімен бір қобалжып, бір қуанып шықтық. Ертесіне ауа температурасы +37°C, +38°C болды.

Жидда
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Таңғы асымызды ішіп бола сала, теміржол вокзалына бардық. Жүрдек пойызға мініп, Меккеге жол тарттық. Шамамен, жарты сағатта жеттік. Пойыздың жылдамдығы — 300 км/сағ.

Мекке, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Мекке, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әуелі Меккені араладық. Бірақ кіші қажылықтың жөн-жоралғысын әлі бастамаймыз. Өйткені әлі михат күйіне енген жоқпыз. Жоғарыда ұшақта қажылыққа бара жатқандардың үстіне иһрам байлап, михат күйіне енгенін айтқан едік. Ал біздікі жұмыс сапары болғандықтан, михат күйіне еніп келе алмадық.

Мекке, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сол үшін Меккеден шығып, әл-Сайл әл-Кабир деген ауылға бет алдық. Сонда михат күйіне ендік. Сосын Меккеге қайтып, кіші қажылықты бастадық. Қағбаны жеті рет айналып, Сафа және Мәруа тауларының арасынан жеті рет жүгіріп өттік. Бас-аяғы 2,5 сағатта кіші қажылықты аяқтадық.

Іс-сапармен келгендіктен, арнайы қажылық үшін келгендер сияқты Мекке мен Мединаны аралап жүруге уақыт болмады.

Үй ішіне базарлық алып барайық деп құрма сататын дүкендерді араладық. Саудаласып, барынша тиімді бағаға алуға тырыстық.

Мекке, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Мекке, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сөйтіп вокзалға қайттық. Сол жерден елге алып кету үшін зәмзәм суын сатып алдық.

Мекке, қажылық, зәмзәм
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бірақ аэропортқа барғанда бәріміздің зәмзәм суымызды өткізбей қойды. Амал жоқ, тастап кеттік. Сөйтсек, аэропорттың өзінде бес литрлік зәмзәм суын сатып алуымыз қажет екен. Олар ұшақтың жүк салатын бөлігіне жіберу үшін қорапқа салынып дайын тұрды.

Мекке, қажылық, зәмзәм
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Мекке, қажылық
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Air Astana әуе компаниясының ұшағына мініп, елге аман-есен қайттық.

Air Astana, Жидда
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жиддаға бару үшін…

Жидда – туристерге қауіпсіз қала. Қалаға 2023 жылғы қазан айынан бастап Алматыдан тіке ұшып баруға болады. Бұл — Air Astana әуе компаниясының жаңа бағыты.

Қазан айында рейстер сәрсенбі және жексенбі күндері ұшады. Қарашадан бастап сәрсенбі және сенбі күндері ұшса, желтоқсаннан бастап рейс көбейеді: дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері.

Ұшу уақыты — 6 сағат 50 минут, қайтуға 5 сағат 45 минут кетеді. Эконом кластың барып-қайту билеті 320 мың теңгеден басталады. Ал бизнес кластыкі 760 мың теңгеден басталады.