Басты бетЖаңалықтарҚазыналы Қарашығанақта...

Қазыналы Қарашығанақта «Дәстүр – trend» фестивалі өтті

Батыс Қазақстан облысында соңғы уақытта ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды насихаттауға айрықша мән беріліп жатыр.

Осы мақсатта бірнеше ауданда жоғары деңгейде мағыналы іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі   — 12 қазан күні Бөрлі  ауданының Бөрлі  ауылында өткен аудандық «Дәстүр – trend» фестивалі.

Екі кезеңнен тұрған фестивальдің мақсаты — ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетке жас буынның қызығушылығын ояту, халқымыздың бай рухани қазынасын заманауи мәнерде бүгінгі өркениетпен ұштастыру болды.

Шарада «Атамекен», «Алтын», «Жеті қазына», «Қарашығанақ», «Шаңырақ» атты 5 ауыл киіз үй тігіп, ұлттық салт-дәстүр мен  әдет-ғұрып үлгілерін жиналғандарға жарыса көрсетті. Ұлттық нақышта өрнекпен көмкерілген әр шаңырақта жас келіндер келген қонақтарды сәлем салып, қарсы алып, әжелер жас келіндерге бесік жырын үйретіп жатты. Әжелер қара өлең айтудан жарысқа түсіп, құлақ құрышын қандырды. Нан иленіп, құрт жасалып, дастархан  бауырсақ, тары, талқан, жент сияқты ұлттық тағамдарға толды.

ұлттық ойын, ат
Фото: БҚО әкімдігі

Ақ сақалды  аталар жамағатқа ақ батасын берсе,  әр шаңырақ ауыл адамдарына бас табақ, құда табақ, күйеу табақ, т.б, табақ түрлерін тартып, мәре-сәре болысты. Асық ойнаған, ләңгі тепкен жас балалар да мәз-мейрам.

Фестивалдің ең әдемі тұсы — киіз үй тігілген алаңдағы ұлттық киім киген қыз-қырқын, жігіт-желең еді. Жайқалған қырдың қызыл қызғалдағындай топ-тобымен  мерекені тамашалап жүрген  шашбаулы қыз, тақиялы ұлдар  көз қызықтырды.

Сонымен бірге жастар жағы ұлттық спорт — садақ атудан жарысқа түсіп, ерлер арасында  Мейрам Хайров, әйелдер арасында Назгүл Кунакаева сұрмергендіктерімен ерекшеленді.

ұлттық тағам, ет
Фото: БҚО әкімдігі

Ұлттық спорттық сайыстың ең бір тартысты  —  аударыспақ екені белгілі. Эльдар Михатов, Орынбасар Махамбетов,  Арданат Собировтер нағыз атқа мінсе арқасы қозатын намысты ұлдар екен. Олар қарсыластарын ат үстінен аударып тастауда ешкімге  жүлде бермеді. Сол секілді, ұлдар мен қыздар арасында қатар өткен өгіз тартыс шараның ең қызықты тұсы болды.

Фестиваль қорытындысында жеңімпаздарды аудан әкімнің орынбасары Дулат Имашев Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Бүгінгі фестиваль ұрпақ жалғастығы мен дәстүр сабақтастығы қатар өрілген әдемі шара. Ұлтымызды ұлықтау ісінде арқа сүйер аталарымыз бен аналарымыз аман болсын, — деді шараны қорытындылаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова.