Air Astana Қытайдан отын сатып алуды жоспарлап отыр

Air Astana және PetroChina International Kazakhstan стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум шеңберінде компаниялар әуекеросин жеткізу мәселесі бойынша ынтымақтасуға, инфрақұрылым құру және халықаралық стандартқа сәйкес Jet А-1 авиаотынға көшу жұмысын жүргізуге келісті.

Қазақстанда отынның осы түрі өндірілмейді. Сондықтан компаниялар сонымен қатар Jet А-1 және экологиялық таза авиациялық отынды (SAF) Қытайдың мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей импорттау мәселесін талқылады.

Біз маршруттық желіні белсенді кеңейтіп, әуе паркімізді үнемі жаңа ұшақтармен ұлғайтамыз. Отынмен қамтамасыз ету мәселелерінде серіктестеріміздің қолдауы Air Astana-ның одан әрі өсіп дамуы үшін қолғабыс болмақ. ESG стратегиямызға сәйкес авиацияда инновациялық және экологиялық бастамаларды енгізу ниетімізде тұрақтымыз, — деді Air Astana компаниялар тобының президенті Питер Фостер.

Jet A-1 — IATA (Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы) стандарттарына сәйкес отын түрі. Jet A-1 әлемдік бренді Қазақстанда қолданылатын ТС-1/РТ маркаларынан өндіріс пен сақтау технологиясымен ерекшеленеді.

Жанармайдың артықшылықтары қатарында өрт қаупінің төмендігі, атмосфераға түсетін газ құрамы және авиациялық қозғалтқыштарды жөндеу аралық циклінің артуы бар.