Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мәслихат депутаттары және қоғам белсенділерімен бірлесіп алматылық студенттерінің қоныстану орындарына мониторинг жүргізді. Студенттердің жатақханаларда, қонақ үйлерде және хостелдердегі жағдайды көзбен көрді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Алматы қаласында 35 жоғары оқу орны бар, онда 197 мыңнан астам студент білім алады, оның 126 мыңнан астамы басқа қалалардан. Қалада 98 студенттік жатақхана жұмыс істейді, онда 31 мыңнан астам студент тұрады. Бұл ретте, 32 мың орын тапшылығы бар.
Студенттерді жыл сайынғы көбеюін ескеріп, біз қысқа және ұзақ мерзімді сипаттағы белгілі бір жүйелі шараларды дайындадық. Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын оңтайлы шешу үшін оқу жылының басында әкімдік Алматы қаласының туризм басқармасымен бірлесіп қонақ үйлер мен хостелдер дайындалып, 10 мың студентке орын берілді, — деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.
Оның айтуынша, бүгінде бірқатар хостелде бос орындар бар, мысалы, House of the students-те 170 орын.
Қайыржан Меңдіғалиев қонақ үй бизнесінің кейбір нысандарын келешекте студенттік жатақханалар ретінде жаңғырту жоспарланып отырғанын хабарлады.
Халықаралық инженерлік-технологиялық университет 118 орындық «Сарбаз» қонақ үйімен серіктестік орнатады, болашақта бұл қонақ үй студенттік жатақхана болып қайта құрылады, – деді әкімдік өкілі.
ЖОО-лар мен инвесторларға жатақханалар салу кезінде қолдау көрсету үшін биыл наурыз айында Алматы әкімдігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп жобалық кеңсе құрды.
Студенттік жатақханаларды салу бойынша жобалық кеңсе іске қосылған сәттен бастап бізге 107-ден астам әлеуетті инвестор жүгінді, бұл қолдау тетігінің тиімділігін көрсетеді. Қазір 47 жоба қаралып жатыр, 2 нысан іске қосылды. Биыл 15 қыркүйекке дейін 900 орындық жатақхана ашуды көздеп отырмыз. 2023 жылдың соңына дейін 3939 орынға арналған 16 нысанды пайдалануға беру жоспарланған, – деді Қайыржан Меңдіғалиев.
Алматы жоғары оқу орындарында студенттерді жатақханаға орналастыруға арналған онлайн платформа бар. Бұған қоса, әрбір ЖОО-да студенттердің бірлесіп қоныстану үшін чаттар ашылған және тәрбие жұмысы жөніндегі проректорлар жетекшілік ететін студенттерді жатақханаларға орналастыру жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді. Әрі сенім телефондары да бар.
Сонымен қатар, студенттердің тұрғын үй мәселесін шешу үшін Ахуалдық орталық жұмыс істейді. Қазіргі таңда Call-орталық арқылы Алматы қаласы бойынша 4 мыңнан астам қоңырау өңделді. Ахуалдық орталықтың байланыс нөмірі мынау: +7700 255 14 43, +7707 666 00 37.