Басты бетЖаңалықтарҰлттық қордан...

Ұлттық қордан 18 жасқа толған балаға түсетін ақшаның көлемі жарияланды

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов 18 жасқа толған баланың есепшотында қанша ақша жиналатынын айтты.

Келесі жылдан бастап Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Соның аясында ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50%-і балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы есепшотына аударылады. 

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, қазіргі кезде жылдық инвестициялық табыстың орташа мөлшері 5-6%.

Биыл жарты жылдың ішінде кіріс шамамен 5%-тен асып тұр. Соның арқасында шығынның бір бөлігі өтелді. Алдағы уақытта осы оң динамика сақталады деп сенемін. Біздің есебіміз бойынша балалардың есепшотында 18 жасқа дейін 3,5 мың доллар (қазіргі курспен 1 668 730 теңге) жиналады, — деді Ақылжан Баймағамбетов сенаттың бүгінгі отырысында.

Есепшоттағы ақша доллармен жинақталады. Себебі ұлттық банк оны бала 18 жасқа дейін толғанша инвестициялап отырады. Ал төленетін кезде сол күнгі курспен теңгеге аударылады.