Ішкі істер министрлігі өткен аптадағы жұмысын қорытындылады.
Алдымен елдегі криминогендік жағдайға тоқталайық. Бір апта ішінде 2 893 қылмыс жасалды, оның 1 800-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» сегіз кісі өлтіруді, тоғыз өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, бір қарақшылық, 31 тонау және 368 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, — деді министрліктің өкілі Шұғыла Тұрлыбек баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар 2-8 қазан аралығында ел аумағында «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен.
Шараның мақсаты — заңсыз көші-қон арналарын анықтау және оның жолын кесу. Операция барысында көші-қон заңнамасын бұзған 8 303 шетелдік, сонымен қатар шетелдіктердің елде болу ережесін дұрыс қамтамасыз етпеген 2 632 адам мен шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзған 537 адам жауапкершілікке тартылды. Елден 931 шетелдік азамат шығарылды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінен келген шетелдіктер арасынан 22 қылмыскер ұсталды, — дейді ол.