Асқар Болат — математиканы оқытатын Qalan.kz онлайн платформасының жетекшісі. Бұл — Қазақстан мен ТМД шеңберінде баламасы жоқ платформа. Асқар мырзадан онлайн платорманың функциялары туралы сұрадық және мұғалім мәртебесі туралы әңгімелестік.

 — Асқар мырза, мұғалімдік жолыңыз қалай басталды?

— Бала кезде математиканы жақсы көретінмін. Болат атам да математик болған. Ол кісі бірінші класқа барған кезімнен бастап көбейту кестесін үйретіп, есеп шығаруға деген қызығушылығымды оятты. Содан іліп алып кеттім. Оған қоса бастауыш кластағы мұғалімім Әлима Аманшаеваның арқасында математика пәнінің мықты іргетасы қаланды. Мектептегі білікті мұғалімдер қабілетімді жетілдіріп, пәнге деген сүйіспеншілігімді күшейтті. Осылай математикаға түбегейлі келдім.

Qalan.kz
Асқар Болат. Фото: Qalan.kz

Жоғарғы оқу орнына «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығы бойынша оқуға түстім. Студент жылдарымда репетитор болып істедім. Кейін мектепке орналасып, математика пәнінен сабақ бердім. Алғашқы айлығым 52 мың теңге болатын. Соған қарамастан мамандығымды ұнатып, өмірлік кәсіп ретінде таңдадым. Бірақ ол кезде мұғалімнің абыройы төмен еді ғой. Көпшілік сонша білім алып, мұғалімдікті таңдадың ба деп таңданған кездері де болды. Себебі бір лекте 40 бала оқысақ, саусақпен санары ғана мұғалім болды.

— Кейін Қазақстан және ТМД шеңберінде баламасы жоқ, математиканы үйрететін «Qalan.kz» платформасын жасап шығардыңыз. Жобаның  идеясы математиканы оқытуды автоматтандыру екен. Идея қалай жүзеге асты?   

—  Мектепте жұмыс істегенге дейін өзім де мұғалімдерді сынайтындардың қатарынан болдым. Бірақ сабақ бере бастағанда өте көп проблеманы  байқадым. Балалардың көпшілігі көшіруге бейім. Оның түбіріне тереңірек үңілсек, олардың түсінбей қалған тақырыптары көп еді. Мұғалім бала түсінсе де, түсінбесе де, күнтізбелік жоспарына сай сабағын өткізіп кете береді. Мұнда мұғалімді де, оқушыны да кінәлауға болмайды. Бұл — жүйенің проблемасы. Сосын әр баланың оқу, тақырыпты қабылдау және есеп шығару жылдамдығы әртүрлі. Бәрін бір класта оқыту да нәтижелі болмайды. Мен мектепке мұғалім боп келгенде, ең әуелі, білім саласындағы осындай қордаланған проблемаларды шешуге тырыстым. Сабақ бере жүріп, балалар математиканы толық меңгерсе екен деп армандадым. Әртүрлі әдіс-тәсілді қарап, педагогикалық кітаптарды оқып, ақыл-кеңес алып, шешім іздей бастадым. Бала бір тақырыпты тез түсініп алатын жүйе жасаймын деген мақсат қойдым. Сол ойымды әбден сынап, ІТ-ді, педагогика мен математиканы біріктіре отырып, онлайн білім платформасын жасау туралы идея келді. 2018 жылдан бастап, идеяны үш жыл сынақтан өткіздік. Серіктесім, ІТ маманы Қуаныш Нәбиевпен бірігіп, озық технологиялар арқылы математиканы меңгеру әдісін автоматтандырылған жүйеге айналдырып, жаңа форматтағы платформа жасап шықтық. Платформа әр баланың жылдамдығы мен үлгеріміне қарай, дербес оқу жүйесімен оқытады. Бала өз деңгейін, қалып қойған тақырыптарын анықтау үшін диагностикадан өтеді. Оқушыларға тез кері байланыс беретін менторларымыз да бар.

—  Қазір платформа қаншалық тиімді?

— Жалпы, 300 мыңнан астам қолданушымыз бар. Олардың бәрі платформаға тіркеліп, тегін нұсқасын қолдана алады. Ал ақылы негіздегі дербес оқу жүйесі арқылы оқушы өз білім деңгейін анықтайтын диагностикадан өтеді. Дербес оқыту — әр оқушының өз деңгейі мен жылдамдығына сай оқытатын жүйе. Кэшбек жүйесі де бар. Есепті соңына дейін шығарған оқушыға курстың белгілі бір сомасын қайтарып береді. Мысалы, биыл қаңтар-қыркүйек айларында 110 миллион теңге кэшбек берілді. Оған тағы қадағалау және кері байланыс функциясы кіреді. Оқу үш жақты қадағаланады: мұғалім, яғни ментор, ата-ана және оқушы. Осы үштағанды жұмыстың арқасында оқушының күнделікті үй жұмысын орындау көрсеткішін 85 процентке дейін жеткіздік. Бастапқыда 85 процент болатын. Біздің мақсатымыз — барынша 100 процентке жақындату. Қазір осы мақсат үшін жұмыс істеп жатырмыз – сапалы қызмет көрсету, оқушылардың білімін көтеруді қадағалап отырамыз.

 Фото: Qalan.kz
Фото: Qalan.kz

— Мұғалім мәртебесін көтеруге көңіл бөлініп жатқаны мәлім. Мұғалімдердің жалақысы екі есе артып, арнайы мереке белгіленді, арнайы заң бар. Кейінгі жылдары жағдай қаншалықты жақсарды деп ойлайсыз?

—  Мектепте істеп жүрген кезімде мұғалім мәртебесі мүлдем төмен болатын. Бірақ кейінгі жылдары жағдайдың әлдеқайда жақсарғаны байқалады. Қуантарлығы сол, мұғалімдердің айлығы біртіндеп көтеріліп жатыр. Бұл бұрынғы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қабылдаған дұрыс шешімдердің бірі болды. Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңда бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі. Мен мектепте істеген жылдары балаларды мұғалім болуға үгіттейтінмін. Бұрын ешкімнің құлқы болмайтын. Жақсы оқитын балалар ол салаға мүлдем барғысы келмейтін. Оларға «сіздер мұғалім болмасаңыздар, балаларыңызды «үштікпен» оқығандар оқытады» дейтінмін.

Қазір еңбекақы көтерілгелі мұғалімдерге деген көзқарас өзгерді. Бұрын жақсы оқитындардың көпшілігі өздері армандаған мамандықты таңдайтын, ал ілініп-салынып оқып жүргендер грант жеңіп алу үшін мұғалім болуға түсетін. Себебі грант үлкен қалаға барудың бір мүмкіндігі еді. Өкінішке қарай, кейінгі 20 жылда деңгейі төмен мұғалімдерді көбейтіп алдық. Өз есебін шығара алмайтын математика мұғалімдерін де көрдік. Осы ретте, еңбекақының көтерілгені өте жақсы шешім болды. Бұл үздік оқушылардың мұғалімдікке ұмтылуына әкелді. Қазір мұғалім мамандықтары үшін байқау күшейді. Жеткілікті балл — 70 балдан жоғары, «Алтын белгі» иегерлері де көбейді. Мұғалім болғысы келетіндердің артқанын көріп, қуанамын.

— Мұғалім беделін қалай көтеруге болады?

— Мұғалім десе, таяқтың бір ұшы өзіме де тиеді. Өзім де мұғаліммін. Білігі төмен мұғалімдер деңгейін көтеру керек немесе олардың орнын жас және білімді кадрлар басуы керек деп ойлаймын. Мұғалімнің беделі қалай түседі? Мұғалімнің өзі білімсіз болса, есебін шығара алмаса, мамандығын сүймесе, балаға білім беремін деп талпынбаса, оқушымен байланыс құра алмаса, оны оқушы да, ата-ана да сыйламайды. Мектепте өзі де жақсы оқыған, өз ісін сүйіп істейтін, жауапкершілігі жоғары адамдар мұғалім болғанда, бұл мәселе мүлдем қозғалмайтын еді. Арнайы заң шығарудың да керегі болмай қалады. Бұрын мұғалімдікке оқуға түскендер Алматыға трамплин ретінде келетін. Мемлекеттің ақшасына оқып алып, сосын мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер көп. Бұл мәселені шешуді жемқорлықпен қатар қою керек. Мемлекеттің бюджеті далаға кетіп жатыр.

Qalan.kz
Асқар Болат. Фото: Qalan.kz

— Сіз сияқты математика мұғалімі болып жүріп, стартап жасаған кейстерді насихаттау мұғалім мәртебесіне қалай әсер етеді?

— Біздің кейс жеткіліксіз, мұғалімдердің жетістіктерін кеңінен насихаттау керек. Ұстаздардың айлығы жылына 25% өсіп отыр. Біздің мұғалімдердің әлеуметтік жағдайының жақсаруының өзі бұл мәселедегі жетістікті көрсетеді. Біздің жобамыз қазір Өзбекстан нарығында да сәтті жұмыс істеп тұр. Өзбек ағайындар біздегі мұғалімдердің айлығына таңғалып, әрі қызыға қарады. Иә, мәселе түгелдей шешілген жоқ. Мұғалімнің айлығын мың доллардан түсірмей, бір деңгейде сақтайтын болсақ, ол абыройлы мамандыққа айналады. Осы процесс жалғаса берсе, мұғалім мәртебесі биік болады.

—   Қазақстанда төрт мыңға жуық педагог тапшы. Әсіресе, өңірлерде осы мәселе қатты байқалады. Гибридті білім беру  мұғалім тапшылығын қаншалық шеше алады?

— Мықты мұғалімдердің көбі үлкен қалаларда істейтіні жасырын емес. Бірақ өңірлер мен ауылдарға мұғалімдерді жіберу бағдарламаларын жетілдірсе, осы бағытта жүйелі жұмыс атқарылса, өңірлердегі тапшылыққа оң әсер етеді деп ойлаймын. Баланың білімді болуының басты кілті – мұғалім. Ал гибридті оқытудағы бағдарламалар, кітаптар, онлайн сабақтар – мұғалімнің қолындағы құрал ғана. Бұл құралдар мұғалімнің жұмысын жеңілдетуі  мүмкін. Бірақ тек білікті мұғалім ғана баланың шырағын жағып, білімнің маңызын түсіндіріп, махаббатын оята алады. Бұл тек мықты мұғалімнің ғана қолынан келеді. Бірақ оқытушы қаншалық білікті болғанымен, кластағы барлық баланың кенжелеп қалған тақырыбын түсіндіруге 40 минут жетпейді. Сондықтан жаңа технологиялар, гибридті оқыту жүйесі осы мәселені шешуге көмектесе алады. Осы жағынан алғанда Қазақстан дұрыс бағытта келе жатыр деп ойлаймын. Өркениетті елдер жас ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға аса құрметпен қарайды. Бізде де мұндай көзқарас біртіндеп қалыптасып келе жатыр. Қоғам білімге салынған инвестицияның  ең тиімді инвестиция екенін түсініп келе жатыр. Ал білімді ұрпақ тәрбиелеуде мұғалім маңызды рөл атқарады. Ол үшін мұғалім мектептегі басты тұлғаға айналып, мұғалімнің оқушыға сапалы білім беруіне барлық жағдай жасалуға тиіс.

— Сұхбатыңызға рақмет!  

Жәния Әбдібек