Бүгін Азия ойындарының жабылу салтанаты өтеді

Бүгін Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының жабылу салтанаты өтеді.

Азия ойындарының жабылу салтанаты елорда уақытымен 18.00-ге белгіленген.

Дүбірлі дода биыл 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтті.

Сайыстар 51 жарыс алаңында өткізілді. Бұл мақсатта 14 жаңа кешен салынды. Көптеген спорт түрінен жарысты Ханчжоу қабылдады. Ал кейбір жарыстар Дэцин, Цзиньхуа, Нинбо, Шаосин мен Вэньчжоу сынды шағын қалаларда болды.

Дүбірлі додада Азия Олимпиада кеңесі (АОК) құрамындағы 45 елден 12 500-ден астам спортшы келгенін атап өтті. Бұл — рекордтық көрсеткіш. 2018 жылы Индонезияда өткен Азиадада 11 300 адам тіркеліп, жаңа рекордтық көрсеткіш орнаған еді.

Жазғы Азия ойындарында 8 спорт түрінен Париж Олимпиадасына жолдама берілді. Бәсекеде 40 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынды.

Қазірге дейін ел құрамасы 79-медаль (10 алтын, 21 күміс, 48 қола) алды.