Қазақстандық үш фильм «Азия Оскарына» үміткерлер қатарына кірді

«Қаш», «Ағайынды» және «Бауырына салу» картиналары «Азиялық Оскар» деп аталатын беделді Asia Pacific Screen Awards сыйлығына үміткерлер қатарына кірді. 

Бұл туралы ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» картинасы бірден екі номинацияда ұсынылған – «Үздік фильм» және «Үздік операторлық жұмыс». Басты номинацияда ол Жапониядан, Қытайдан және Грузиядан келген картиналармен таласқа түседі, олардың арасында биылғы Венеция кинофестивалінде Қазылар алқасының арнайы жүлдесін алған Рюсуке Хамагутидің «Зұлымдық жоқ» атты туындысы да бар.

Ағайынды
«Ағайынды» Фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы

Ал Дархан Төлегеновтың «Ағайынды«, Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» картинасы «Үздік режиссер» және «Үздік жастар фильмі» номинацияларына ілікті.

"Бауырына салу"
«Бауырына салу» Фото: Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы
  • «Қаш» фильмі қазақ даласындағы 30-шы жылдардағы ашаршылық кезіндегі халықтың қиын тағдыры туралы баяндайды. Қабір қазушы Исатай өз ауылын құтқару үшін қауіпті миссияға барады, бірақ жолда оған кезбе адам кездесіп, оны адастырады. 
  • «Ағайынды» фильмін Максим Акбаровтың Golden Man Media компаниясы шығарған. Былтыр қыркүйекте фильм Германиядағы Oldenburg International Film Festival фестивалінде «Кино рухы» сыйлығын жеңіп алған болатын, ал биыл сәуір айында Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы бұл картинаны 2022 жылдың «Үздік драмасы» деп таныды. 
  • «Бауырына салу» фильмі сәби кезінен әжесінің тәрбиесінде болған баланың оқиғасын баяндайды. Туындының таныстырылымы жақында ғана Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен беделді кинофестивальде өтті.

Биыл 16 рет өткізілетін беделді халықаралық Asia Pacific Screen Awards сыйлығының жеңімпаздары 3 қарашада Австралияда жарияланады.