Ташкент — Орталық Азияда туристер көп баратын қалалардың бірі. Қазақстан азаматтары да жыл сайын Өзбекстанға саяхаттайды. Тамағы дәмді, күні жылы, халқы ашықжарқын қалада қайда баруға болады? Baribar.kz тілшісі Ташкентке барған сапарынан қалада бару керек бес орынды ұсынады.

Амирсой тау-шаңғы курорты

Амирсой
Фото: Амирсой курорты

Amirsoy Resort тау курорты Тянь-Шань тауларының батыс бөлігінің Чатқал жотасының сілемдерінде орналасқан. Ташкенттен 65 шақырым жерде жатыр, аумағы — 900 гектар.

Курортта қыста да, жазда да айналысатын спорт пен сауық түрлері бар. Қыста білікті инструкторлардан шаңғы мен сноуборд теуіп үйренуге, қар кешкішке мінуге және мұзайдында сырғанауға болады. Ал жазда қызық бұдан да көп. Түрлі деңгейдегі кедергісі бар арқан қалашығына мінуге, роллердромда ролик тебуге, квадроциклды жалға алып, курорттың ең әдемі жерлерін аралауға, кемпиң шатырында ұйықтауға және арнайы дайындалған жартасты жерлерде құзға өрмелеуді үйренуге болады.

Амирсой, Amirsoy
Фото: Амирсой курорты
Амирсой, Amirsoy
Фото: Амирсой курорты

Бізді бара сала таңғалдырғаны, курортқа барғандар Le Chalet жайғасады. Шалелер альпі стилінде салынған. Айналасын тау қоршап тұрады. Өзіңді ертегіде жүргендей сезінесің. Le Chalet бір қабатты және екі қабатты, төрт және сегіз адам сыяды. Мына санаттағы шалелерге жайғасуға болады: Deluxe, Premium Deluxe, Superior, Suite, Presidential Suite және Grand Presidential.

Амирсой, Amirsoy
Фото: Амирсой курорты

Әр бөлменің жеке жуынатын бөлмесі бар. Асханасынан керектінің бәрін табасың. Шаленің арғы бетіне шыққанда, таза ауада отырып таңғы ас ішетін террасасы қоса салынған. Шале аумағында жылытылатын тау үстіндегі ашық бассейн орналасқан.

Амирсойдың жүрегі — арқанжолдар. Amirsoy Express және Prima деген арқанжолдар теңіз деңгейінен 2 290 метрге дейін көтеріледі. Бұл — курорттың ең биік нүктесі. Ал Chalet Express арқанжолы тау спортын енді бастап жатқан адамдарға төбеге жетуге көмектеседі.

Амирсой, Amirsoy
Фото: Амирсой курорты

Күні бойы курортты аралаған соң біраз шаршап қалдық. Курортта Red Rock Hammom&Spa бар екен. Оның ішіндегі жеке СПА-аймақтар, түрік хамамы және финн саунасы және орыс моншасы тұла бойды тынықтырады.

Курорт аймағында жергілікті және интернационал асхананың тамағын ұсынатын төрт  мейрамхана бар. Оның бәріне бір дегенде 2 400 адам сыяды. Амирсойда 500 көлікке арналған автотұрақ та салынған.

Амирсой, Amirsoy
Фото: Амирсой курорты

Биыл маусым айында Өзбекстандағы Амирсой, өз еліміздегі Шымбұлақ және Ресейдегі Роза Хутор тау-шаңғы курорттары Таулы курорттардың еуразиялық альянсын құрады. Қазір альянс құрамына Қырғызстанның курорттары мен Қазақстанның басқа да курорттары кіруіне қатысты консультация жүріп жатыр. Болашақта альянс құрамына көрші 10 ел кіруі мүмкін.

Альянс құрудың мақсаты — мемлекетаралық туристік маршрутты әзірлеу және курортта жұмыс істейтін мамандарды дайындау. Бірінші бағыт бойынша туристке бірыңғай тур бағдарламасы, бірыңғай шаңғы билеті, қонақүйде тұруға жеңілдіктер және басқа да бонустар беріледі. Қазір курортта жұмыс істейтін арқанжолшылар, көшкінді зерттейтіндер, ратракоператорлары және тағы басқа мамандықтарды оқытатын жер жоқ. Ал альянс мұндай мамандықтарды арнайы оқытып шығатын коропоративтік университет құруды жоспарлап отыр.

Tashkent city және Жұлдыздар музейі

Ташкент сити
Фото: Wikipedia.org

Ташкент сити — қалада 2017 жылдан бері салынып жатқан іскерлік орталық. Tashkent City аясында тұрғын үйлер мен демалысты біріктіретін іскерлік белсенділік аймағы құрылып жатыр.

Бұл орталықта Өзбекстандағы ең ірі автотұрақ бар. Жалпы Ташкент ситидің аумағы — 18,6 гектар. Мұнда 4 500-ден астам ағаш егілген. Ұзындығы 200 метр болатын елдегі ең үлкен фонтан осында орналасқан.

Ташкент сити
Фото: Kun.uz

Орталықта планетарий мен, Өзбекстандағы алғашқы 7D кинотеатры мен Жұлдыздар музейі бар.

Ташкент сити, музей
Фото: Baribar.kz

Жұлдыздар музейіне кіреберісте күзетші отырады. Оған мән бермей өтіп кетсеңіз, «күзетшіні» жасаған мүсіншінің расымен де мықты болғаны. Әрі қарай жүре берсеңіз, Хәрри Поттер әлеміне тап боласыз. Грифиндор формасын киген Хәрриді, оның сыпыртқысын және 9, 3/4 платформасынан сиқыршылар әлеміне өтіп бара жатқан арбаны көрдік.

Ташкент, музей
Фото: Baribar.kz

Келесі залға өткенде Ұлыбритания патшайымы II Елизаветаны, Ресей мен АҚШ президенттерін тамашаладық. Одан кейінгі залда Терминатордың өзін, Брюс Уиллис пен Дуейн Жонс сияқты танымал актерларды көрдік. Айнытпай жасалғаны сондай, шын ба деп қаласың.

Magic city

Magic city, Ташкент
Фото: Baribar.kz

Бұл — барлық маусымда ашық болатын көңіл көтеретін және аттракциондары бар Азиядағы аса ірі парк. 20 гектар жерді алып жатыр. Бізді қуантқаны сол, парк қоршалмаған, сондықтан кіру тегін.

Magic city ертегілердегі сарайлардан тұрады. Ал көшелері әлемнің танымал қалаларының архитектуралық стилінде салынған. Сондықтан бір дегенде Парижге де, Барселноаға да, Лондон мен Берлинге де барып келгендей болдық. Парктің ішінде мейрамхана, кафе және дүкен көп.

Magic city, Ташкент
Фото: Baribar.kz

Көбіне отбасы бала-шағасымен бірге аралап жүретінін байқадық. Аттракционға да, мейрамханаға да кірмей, жай ғана көріп шыққаның өзі көп эмоцияға бөлейді. Сондықтан ересек адам да, бала да қызықтан құр қалмайды.

Паркте мүгедектігі бар адамдардың қозғалуына ерекше жағдай жасалғанын көрдік. Көзі нашар көретін азаматтарға арналған жол мен арбамен жүретін адамдарға арнап пандус төселген. Паркке қала ішінен автобуспен жетуге де болады. Ал Magic сity-дің ішінде келушілерді автотұрақтан алып кетіп, парктің керек жеріне таситын гольфкарттар жүреді.

Чорсу базары

Чорсу базар
Фото: Uzbekistan.travel

Чорсу базары ескі қаладағы төрт сауда көшесінің қиылысында орналасқан. «Чор-су» деген атаудың өзі де «төрт жол» немесе «төрт ағын» дегенді білдіреді. Оны Ташкенттегі ғана емес, Орталық Азиядағы ең ескі базар деуге болады. Өйткені орта ғасырларда-ақ танымал болып, Ұлы Жібек жолындағы аса маңызды орын саналған.

Бұл жерде ұнаған дәмнен ауыз тию қалыпты. Сондықтан ақысын төлемей-ақ дәм татып шығып, тойып алуға болады. Базарда әбден саудаласып, тауардың әуел бастағы бағасын бірнеше есе түсіріп алып жатады. Чорсудан нағыз өзбек тақиясы мен шапаны, қолдан жасалған қобдиша және тағы басқа кәдесый сатылады.Чорсу базары

Қазіргі Чорсу базарындағы тауарлар үшке бөлінген: 1) азық-түлік; 2) қолөнер қатарлары; 3) киім-кешек базары. Алғашқы екі қатарға баратын халық көп. Бұл қатарлар үлкен жабық павильондардың астында орналасқан. Павильондардың көбі көгілдір шығыс стиліндегі күмбезбен көмкерілген. Қақ ортасында басты, ең үлкен күмбез бар. Көлемі де, формасы да шіркеудің күмбезіне ұқсайды. Павильонның айналасында көкөніс пен жеміс, тұрмыста қолданылатын тауарлар затылады.

Чорсу базарының жанында Ауқат базары бар. Оның ортасымен өткенде нағыз өзбек палауынан дәм татып, көк шаймен шөл басуға болады. Жаңа ғана піскен тандыр самсаның, дәмді кәуаптың иісі мұрын жарады. Тоқтамай кету мүмкін емес.

Ауқат базары, Ташкент
Фото: Baribar.kz
Ауқат базары, Ташкент
Фото: Baribar.kz

Әмір-Темір алаңы

Әмір Темір, ТашкентСаябақтың ортасында қоладан соғылған әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің ескерткіші тұр. Ескерткіштің тұғырында ұолбасшының төрт тілде жазылған белгілі ұраны бар: «Күш әділдікте».

Бұрын ескерткіштің жанында шағын саябақ болған екен. Бірақ 2009 жылы ескерткіш маңы тазаланып, фонтаны мен жасыл желегі бар алаңға айналды. Қазір алаңда сегіз алле бар.

Әмір Темір, Ташкент
Фото: Micesolutions.uz

Алаңдағы ағаш пен жасыл желек қашан барсаң да, ұқыпты жиылып, артық шөбі жұлынып, тап-таза боп тұрады. Өзбек халқының іске епті екенін, шаруаға мықты екенін осыдан-ақ көруге болады. Оған қоса, алаңнан да, Ташкенттің көшесінен де қоқыс атаулыны көре қоймадық.

Әмір Темір алаңының маңында танымал «Өзбекстан» қонақүйі, Заң институты ғимараты «бұрынғы әйелдер гимназиясының ғимараты), Әмір Темір музейі, атақты Ташкент куранттары және қаланың ең ірі архитектура құрылымы Форумов сарайы бар.