Енді зағип жандарға таяқ ұстап жүрудің қажеті болмауы мүмкін. Себебі Назарбаев мектебінің оқушылары оларға емін-еркін жүруге көмектесетін электрон білезік пен қолданба ойлап тапты. Жас өнертапқыштардың жаңа технологиясы адамдарға қалай көмектесіп жатыр? Электрон білезікті қалай қолданады? Baribar.kz құрылғы авторларымен сөйлесті.
Шымкенттегі физика-матеметика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-класс оқушылары Рахат Өмірбек пен Шұғыла Қарсақбаева зағип адамдарға арнап электрон білезік жасады. Бұл құрылғы бір метр қашықтықтағы объектілерді, кедергілерді байқағанда дірілдейді (вибрация). Сөйтіп оны таққан адамға белгі беріп отырады.
Мысалы, көру қабілеті нашар адамның алдында қабырға, жиектас, үлкен тас тұрса, білезік белгі беріп, адамды құлап қалудан, зақымданудан сақтайды, — дейді Рахат.
Рахаттың айтуынша, білезік баспалдақтарды да, шұңқырларды да анықтай алады. Оларды байқаса, бірден тоқтап-тоқтап дірілдеп, белгі береді.
Бұл электрон бізелікті қолға емес, аяққа тағады. Авторлардың білезікті аяққа арнап жасауының да себебі бар.
Алғашында қолға тағатын білезік жасадық. Дегенмен адамның қолы аяғына қарағанда үнемі қозғалыста болады. Адам жүрмесе де, қолын сілтеп сөйлеуі мүмкін. Осындай жағдайда құрылғының адамға дұрыс ақпарат бере алмайтынын байқадық. Сол себепті оны аяққа арнап жасауды жөн көрдік, — дейді ол.
Білезік ультрадыбысты бергіштер (датчик) негізінде істейді. Соның арқасында құрылғы адам шалынуы мүмкін деген кедергілерді анықтап отырады. Авторлар электрон білезікті Vision Assistant деп атаған.
Әлеуметтік желіден Астанада тұратын блогерді көрдік. Оның көзі көрмейді. Ол өзінің парақшасында күнделікті өмірде зағип жандарға қаншалық қиын екенін, қандай мәселелер бар екенін көрсетіп отырады. Оның аккаунтындағы контентті көрген соң, Шұғыла екеуімізге осындай идея келді. Физика сабағынан да ультрадыбыстар туралы өткен едік. Сол оқығанымыз есімізге түсіп, зағип адамдарға көмектесетін білезік жасайық дедік. Мектебіміздегі физика пәнінің мұғалімі Бибігүл Күшекова менторымыз болды. Ол кісі бізге бағыт-бағдар беріп, көмектесті, — дейді Рахат Өмірбек.
Ақжүніс Тайтелиева, білезікті қолданып көрген зағип жан: Жүріп-тұру қауіпсіз әрі ыңғайлы бола түсті. Зағип жандарға арналған тамаша технология екен. Білезіктің арқасында кедергілерге алаңдап тұрмай, алға қадам баса бересің.
Рахат пен Шұғыла білезікті биыл наурыз-сәуір аралығында Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен «Тағылым» фестивалі кезінде жасай бастаған. Олар алты айда, яғни биылғы қыркүйекте құрылғыны толық жасап бітірді. Дегенмен жас техниктер оны әлі күнге дейін дамытып, жетілдіріп жатыр. Осы күнге дейін олар құрылғының үш прототипін жасаған. Оның қаншалық ыңғайлы әрі дұрыс істейтінін тексеру үшін зағип адамдарға қолданып көруге беріп отырады.
Екінші прототипін бір кісіге қолданып көруге бердік. Сол уақытта ол кісі білезіктің сәл ыңғайсыз әрі ауыр екенін айтты. Кейін біз соны ескеріп, формасы аяққа ыңғайлы әрі жеңіл етіп үшінші прототипін әзірледік. Оның көлемі үлкен де, кіші де емес. Бұл білезікті сынап көруге енді береміз. Бұл нұсқамыз жақсы болып шықты деп ойлаймыз. Дегенмен басқа да ыңғайсыз тұстары болса, өзгертуге дайынбыз, — дейді оқушылар.
Рахат пен Шұғыла білезіктің ішкі құрылысын Arduino құрам бөліктері арқылы жасаған. Ал сыртқы корпусын мектептерінде бар 3D-принтерден шығарған екен. Былайша айтқанда, электрон білезік берік әрі жеңіл пластиктен дайындалған.
Білезік дірілдегенде адамның денесін ауыртпайды. Жақсы сезіледі. Білезікті зағип адамдарға бермес бұрын, өзіміз, мектептегі басқа оқушылар қолданып көрдік. Тексеріп болған соң ғана Шымкенттегі көру қабілеті нашар адамдарға арналған кітапханаға барып, сондағы адамдармен бірге жұмыс істей бастадық, — дейді автор.
Қонысбай Медеубай, электрон білезікті қолданып көрген адам: Құрылғы таңғалдыра білді. Зағип адамдарға жақсы бағдарлауға, кедергілерден алыс жүруге және өзін сенімдірек сезінуге көмектеседі. Оған қоса дірілдейтін белгілер — қоршаған әлеммен өзара байланысудың тамаша тәсілі.
Айта кетері, Рахат пен Шұғыла Samsung компаниясы ұйымдастарған Solve For Tomorrow республикалық байқауына қатысқан. Онда 1600 оқушы сайысқа түсті. Оның ішінде 33 оқушының ойлап тапқан технологиясы үздік атанып, іріктеліп алынған. Кейін Астанада өткен финалға тоғыз адамның жұмысы таңдалған. Оның ішінде Рахат пен Шұғыланың электрон білезігі де бар. Сөйтіп олар 300 000 теңге ұтып алған.
Сонымен қатар Рахат пен Шұғыла зағип жандарға арнап уеб-қолданба әзірледі. Оның функциясы мынадай: қолданбаны ұялы телефонға жүктеу керек. Кейін қолданбаға қамқоршының нөмірін тіркеу қажет. Қолданбада үлкен бір ғана батырма бар. Оны зағип адамның ұялы телефонының экранына шығарып қойған абзал. Адам көмек қажет жағдайда оны басса, қамқоршысына қоңырау түседі.
Бұл қолданба білезікпен интеграцияланбаған. Дегенмен болашақта екеуі бірлесіп істейтіндей және көмекке мұқтаж адамның мекенжайын көрсететін етіп жасағымыз келеді, — дейді өнертапқыштар.
Енді жас техниктер электрон білезіктің функциясы бойынша істейтін зағип адамдарға арналған көзілдірік жасығысы келетінін айтады.
Мұны әзірше тек жоспарлап отырмыз. Дегенмен болашақта көзілдірік білезікке балама болса екен дейміз, — дейді Рахат.
Рахат пен Шұғыла жоғарғы класс оқушылары болған соң, сабақтары қиын. Оған қоса әр сабақтан емтихан тапсыруы қажет. Соған қарамастан балалар технология жасауға уақыт тауып отыр. Өздерінің айтуына қарағанда, мектептің беріп отырған мүмкіндігін тиімді пайдаланғысы келеді.
Біздің мектебімізде барлық жағдай жасалған. Осындай жобаларға арналған кабинеттер, 3D-принтер бар. Бағдарламашы мамандар да бізге кеңес беруге әрдайым дайын. Барлық нәрсе қолымызда тұрғанда, неге осындай жобамен айналыспасқа?! — дейді Рахат.
Қазір Рахат пен Шұғыла білезіктің соңғы нұсқасын тексеріп жатыр. Оған қоса қала әкімдігімен келіссөз жүргізіп жатыр. Құрылғылары толық дайын болғанда әкімдікпен бірлесіп, білезікті кеңінен танытуға барынша әрекет қылады.
Білезік туралы толығырақ мына сілтемені басып, білуге болады.