Бүгін мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасы мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыру және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жұмысын жетілдіру мақсатында парламент мәжілісінің депутаттарының бастамасымен дайындалды.
Заң жобасында мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін және дербес деректерді қарай алатын мемлекеттік корпорация қызметкерлерін мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген санатқа жатқызу ескерілген. Бұл тұрғыда қылмыстық кодекске және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұл түзетулер мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің қызметін теріс пайдалануына жол бермеуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған, — деді депутат Данабек Исабеков.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнама аясында заң бұзу деректері анықталған жағдайда, мемлекеттік корпорацияның осы қызметкерлері мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілгендерге теңестірілген қызметкер ретінде жауапты болады.
Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ұғымын нақтылау қарастырылған.
Бұл бірыңғай провайдер арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін ұлғайту бойынша үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік корпорацияға ақпараттық жүйе аясында өтініштерді қабылдауды ұйымдастыру құзыретін беру ескерілген. Бұл норма азаматтарға әкімшілік органдарға жүгінуге, жауап алуға, сонымен қатар өтініштерді қарау сапасын бақылауға мүмкіндік беретін пилоттық режимде тексерілген жүйені («Е-Өтініш») пайдалануды заңнамалық тұрғыдан бекітеді, — деді депутат.