9 қыркүйек күні Оралда «Жайық жүйрігі» бәйге түрлерінен БҚО ашық чемпионаты өтті. «Қала күні» мерекесіне орайластырылып өткен бәйгеде дала төсі ат дүбіріне бөленді.
Зашаған кенті аумағындағы «Бортау» атшабар алаңында ұйымдастырлаған бәйгеге Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарынан және Ресей Федерациясынан 130-дан астам шабандоз қатысып, бақ сынады.
Шабандоздар тай, құнан, аламан және ұлы аламан бәйгеде әртүрлі шақырымда бақ сынады. Жалпы жүлде қоры — 14 450 000 теңге.
Нәтижесінде тай бәйгені теректілік Мейрам Шақановтың (шабандозы Саян) Нұртөбелі жеңіп алды.
Ал 12 шақырымдық құнан бәйгеде Талғат Бисембиевтің (шабандозы Мәди) Назкүрең арғымағы бірінші боп келді.
21 шақырым аламан бәйге қорытындысында Маңғыстау облысынан келген Тұрлан Әди оза шауып, бас жүлдеге ие болды.
Ал ұлы аламанда теректілік Болат Жаңабаевтың (шабандозы Саян) Сильвия атты жүйрігі бас бәйгені қанжығыға байлады.
«Жайық жүйрігі — 2023» аламаны аясында қалалық білім беру ұйымдарының жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу бағытындағы жұмыстары таныстырылды. Ұлттық дәстүр — тәрбиенің қайнар көзі. Ұлттық тәрбие өркениетті қоғам құрудың негізгі құралы.
Жарқын болашағымыздың иелерін әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне, цифрлық дәуір ерекшеліктеріне сүйене отырып, «Дәстүр мен ғұрып» жобасын енгізудің мәні зор. Жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті, ұлтты қодты сақтау үшін қазақ халқының мәдени мұраларын, салт-дәстүрін зерделеу өзекті.
Тәрбиенің көзі ата-бабамыздан қалған мұралар мен дана сөздер десек, біз соларды насихаттайтын жүргізушіміз. «Мәңгілік Ел» болып қалу үшін ұлттық құндылықтарымызды сақтап, қорғай білуіміз керек. Себебі ұлттық құндылық — ұлттың тірегі.