Оралда Қала күніне орай салтанатты іс-шара өтті

Оралдағы Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияда «Қала күніне» орай салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға Әзірбайжан Республикасының Мингечевир қаласы, Ақтөбе және Атырау қалаларынан келген қонақтар, еңбек ардагерлері, қаланың құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, депутаттар қатысты.

Салтанатты қабылдауда шаһар басшысы Миржан Сатқанов құттықтау сөз сөйлеп, Орал қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы жолындағы оң өзгерістерге тоқталып өтті.

Жылдағы дәстүрге сай қыркүйек айында көне шаһарымыз «Қала күнін» атап өтеді. Мерекелік шараларымызға Әзірбайжан Республикасының бауырлас Мингечевир қаласынан және еліміздің Ақтөбе, Атырау қалаларынан арнайы қонақтар келіп қатысуда.Шаһарымыздың басты мерекесіне орай қаланың барлық аудандарында мәдени-рухани, спорттық іс-шаралар легі өтуде. Шаһар мерекесіне орай бірқатар жаңа нысандарды пайдалануға береміз. Қала күні баршаңызға көтеріңкі көңіл-күй сыйласын, шаңырақтарыңызға шаттық, қызметтеріңізге табыс тілеймін! Ерке Жайықтың жағасынан керегесін кең жайған Оралымыздың ғұмыры ұзақ, шоқтығы биік болсын! –деді Миржан Мұнайдарұлы.

Құттықтаудан кейін қала әкімі Миржан Сатқанов пен қалалық мәслихат хатшысы Есентай Қалиев түрлі салада табысты еңбек еткен азаматтарға «Орал қаласының құрметті азаматы» атағын табыстады. Биыл бұл марапатты еңбек ардагері, теміржолшы Михаил Надточий, кәсіпкер, танымал меценат және қоғам қайраткері Ляна Тұрсынова, білім беру саласында үлкен тәжірибесі бар, өңірімізде еңбек сіңірген белгілі педагог Асқар Акишев иеленді.

Салтанатты іс-шараға арнайы келген Әзірбайжан Республикасының Мингечевир қаласы басшысының орынбары Фарид Маммедов мен Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айдос Хамиев, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов мерекемен құттықтап, естелік сыйлықтарын табыс етті. Жиын өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.