Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов «Оралагрореммаш» зауытының еңбек ұжымымен кездесті.
«Оралагрореммаш» зауыты – арнайы техника өндірісі бойынша еліміздегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. 1955 жылы құрылған зауыт 60 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан мен таяу шет елдердің нарығын қажетті арнайы техникалармен, металл конструкцияларымен және әртүрлі типтегі қоршаулармен қамтамасыз етіп келеді. Өз тұтынушыларына өнімдер мен қызметтердің кең ассортиментін ұсынатын зауыт желісінде автоцистерналар, оларды толтыру жабдықтары, өртке қарсы және коммуналдық техникалар, қатты қалдықтарға арналған еуроконтейнерлер және қоршаулардың әртүрлі түрлері бар. Сондай-ақ, зауыт еліміз бойынша өрт сөндіру машиналарын шығаратын көшбасшы кәсіпорын.
«Оралагрореммаш» АҚ зауытының директоры Ғимран Бисенов алдымен шаһар басшысына зауыт өнімдерін таныстырып, кейін ұжыммен кездесу өткізді. Жиын барысында қала әкімі Миржан Мұнайдарұлы алдымен өндіріс орнының еліміз үшін маңызын атап өтіп, ұжымның жұмысына сәттілік тіледі. Осыдан кейін облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуын қысқаша баяндады.
Ал зауыт жұмысшылары қаланы дамыту, тынымбақтар мен демалыс орындарын салу, қаңғыбас иттерге қатысты мәселелерді қозғады. Қала әкімі қазіргі таңда және алдағы уақытта қаланы дамыту бағытында жүргізілетін жұмыстарды атап өтіп, тұрғындар пікірінің назарда болатынын жеткізді.