Оралдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Форум «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тақырыбында, рухани-адамгершілік тәрбие бағытын қамтыды.
Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ашып, республикалық форумға қатысушыларды құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, шарада БҚО Аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Хайроллақызы «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тұжырымдамасын іске асыру жолында орындалып жатқан 4 бағыт бойынша есеп беріп, отбасындағы тәрбие, ананың рөлі тақырыптары кеңінен талқыланды.
Әрмен қарай, Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи сөз алып, бірқатар аналар кеңесінің мүшелерін алғыс хатпен марапаттады.
Достық Үйіндегі кеңейтілген отырыстан кейін форум делегаттары «Салтанат сарайына» жол тартты. Шарада Нәзипа Ыдырысқызы мен Шалқыма Хайруллақызы болашақ келіндерге ақ орамалдарын тартып, ізгі тілектерін айтты. Көп балалы аналармен кездесуде «Ақ орамал», «Бесікке салу», «Бесік жыры» және «Тұсау кесу» секілді қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс көрсетілді.
Аналар кеңесі отырысының екінші күні пленарлық отырыспен жалғасты. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов, Аналар кеңесінің төрайымдары, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты. Пленарлық отырыс түрлі бағыт пен тақырыптарды қамтыды. Онда ұрпақ тәрбиелеу, отбасы құндылықтарын насихаттау, жасөспірімдердің жеке білім кеңістігі, әйелдердің құқықтары, гендерлік теңдік пен тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тақырыптары қозғалып, қазіргі қоғамдағы әйел мен ер адамның рөлі сияқты мәселелер талқыланды.
Мәселен, «Салауатты сана» секциясында«Темекісіз» қоғамдық қорының атқарушы директоры, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2023 жылғы «Темекімен күресте қосқан зор үлесі үшін» сыйлығының лауреаты Жамиля Садықова «Заманауи жаман әдеттер және олармен қалай күресеміз?», «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының жетекшісі Жандос Ақтаев «Нашақорлықтың алдын алуын өңірлік деңгейде жетілдіру мәселесі», «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының психологы, педагогика ғылымдарының магистрі Құралай Шамұратова «Буллинг және оның құрбаны болмау үшін не істеу керек?», «Демеу» «Балалық шақ мәселелері бойынша координациялық орталығы» жеке коммерциялық емес мекеме директорының орынбасары Эмир Дулатов «Ойынқұмарлыққа тәуелділіктің психологиялық аспектілері» тақырыптарында баяндама жасады.
Жиын соңында Аналар кеңесінің белсенді мүшелері марапатталып, «Ел анасы», «Аялы алақан» номинация иегерлері анықталады.