eGov mobile қолданбасында көлік жүргізушілеріне техникалық байқау құжатының мерзімі өтетіні туралы push-хабарламалар жібереді. Бұл туралы «ҰАТ» АҚ қоғаммен байланыс басқармасы хабарлады.
Қазақстандықтар бүгіннен бастап push-хабарламалардың жаңа түрін алады. Хабарламалар диагностикалық тексеру картасының жарамдылық мерзімі аяқталатыны туралы алдын ала хабарлайды.
Бұл азаматтарға құжаттың жарамдылық мерзімі туралы 30 күн бұрын ескертуге мүмкіндік береді. Жіберілген push-хабарламалар eGov mobile қолданбасының «Хабарламалар» бөлімінде қолжетімді. Егер мобайл қолданба орнатылмаған болса, пайдаланушыға қосымшаны жүктеуге сілтемесі бар 1414 нөмірінен жаңа хабарлама келгені туралы SMS жіберіледі, — делінген хабарламада.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкиннің айтуынша, push-хабарлама жүргізушілер үшін ыңғайлы, себебі ол бір ай бұрын жіберіледі, яғни азаматтардың жаңа құжатты қайта рәсімдеуге уақыты болады.
Осылайша біз көлік иелеріне көптеген қауіптің алдын алуға көмектесеміз. Бүгінде eGov mobile әртүрлі өмірлік жағдайларға арналған push-хабарландырулардың 15 түрін ұсынады. Уақыт өте бұл сан артады, — деді Ростислав Коняшкин.
Сонымен қатар eGov мобайл қолданбасында цифрлық құжат – «Диагностикалық техникалық байқау картасы» қолжетімді. Жаңа құжатта техникалық жай-күй параметрлерінің тізбесі мен міндетті техникалық байқаудың нәтижелері көрсетілген көлік пен оның тіркемелерінің иесі туралы мәліметтер бар. Құжаттың мерзімі өтіп кетсе, ол цифрлық құжаттарда көрсетілмейді.
Көлік иелері электрон құжатты қағаз құжатпен қатар ұсына алады. Цифрлық құжатты eGov mobile қолданбасының басты бетіндегі «Цифрлық құжаттар» бөлімінен табуға болады. Құжат иесі оған QR коды арқылы қол жеткізе алады, бұл құжатты сұраған тарапқа оның түпнұсқалығын тексеруге көмектеседі.