Қазақстан үкіметі мемлекеттік қолдау шараларының пакеттерін ұсына отырып, фармацевтикалық индустрияның әлемдік ірі өкілдерімен белсенді іскерлік байланыстарды арттырады.
Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтылды.
Pfizer компаниясымен дәрі-дәрмек өндірісін локализациялау бойынша инвестициялық келісім жасау жоспарланып отыр. AstraZeneca компаниясымен инвестиция көлемі 32 миллион доллар болатын бірегей дәрілік заттардың келісімшарттық өндірісін құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар Қазақстан президентінің АҚШ-қа сапары барысында GE Healthcare компаниясымен құны 60 миллион доллар болатын медициналық техника өндірісін локализациялау жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылды.
Roche компаниясымен 2,5 миллион долларға бірқатар жоба пысықталып жатыр. Оңтүстік Корея, Түркия, Египет және Израиль инвесторларымен келісім-шарттық өндіріс жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Дәрілік заттарға сұраныстың артуы аясында денсаулық сақтау саласының, оның ішінде фармацевтика өнеркәсібінің даму әлеуеті өте зор, — деді Әлихан Смайылов.