Ұлыбритания Еуроодақтан ресми түрде шығатын болды

Премьер-министрі Тереза Мэй Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығатынын ресми түрде растады.

Ұлыбритания

Лиссабон келісімінің 50-ші бабында «Кез-келген мемлекет одақ құрамынан шығу туралы шешім қабылдай алады» деп жалпылама жазылған. Корольдік басшылығы осы бапқа сүйене отырып, Еуроодақ құрамынан шығу рәсімін ресми түрде бастады. Енді оларға тура екі жылдың ішінде, яғни 2019 жылдың 29 наурызында одақ құрамынан шығып кету керек.

Алайда, Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкердің пайымдауынша, Ұлыбритания 60 млдр фунт стерлинг төлегеннен кейін ғана көршілерімен қош айтыса алады. Бұл соманың ішіне Лондон қаржыландыруға келісімін беріп үлгерген жобалардың шығыны кіреді. Сарапшылардың айтуынша, Brexit-тен кейін де Ұлыбритания Еуропамен бірге әрекет етпек.

Иан Уолкер, сарапшы:

– Меніңше, Еуропа бүгінде үлкен күрделі өзгерістерді бастан кешіп жатыр. Еуро валютасы өте әлсіреді. Италия мен Греция банктері қарыздан шыға алмай жатыр. Шынтуайтын айтқанда, Еуропа былыққа батты. Brexit-ке қарамастан Еуропа мен Британия қоян-қолтық жұмыс істейтін болады. Бірақ жаңаша бағытта.

Айта кетейік, Ұлыбритания 1992 жылы Маастрихт келісіміне қол қойып, Еуропалық одақтың құрамына енді. Дегенмен,  саяси тұрғыда мүмкіндігінше оқшаулануға тырысып, визалық шектеулерді жоятын Шенген келісіміне наразы болды, ортақ валюта Еуроны қабылдамады.

Ал, экономикалық дағдарыс кезінде британдықтар Еуроодақтан шығу туралы бүкілхалықтық референдум ұйымдастырды. Нәтижесінде корольдік тұрғындарының 52 пайызы Еуроодақтан шығуды ұйғарды.