Басты бетЖаңалықтарАстанадағы әуежайда...

Астанадағы әуежайда тұрақтың бағасы қымбаттады

1 қазаннан бастап Астана халықаралық әуежайындағы автотұрақ бағасы өзгерді. Бұл туралы әуезжай баспасөз қызметі хабарлады.

Әуежай кешені алдындағы тұрақтың P4-P6 аймағына көлік қалдыру құны екінші және үшінші тәулікте 2000 теңге, үш тәуліктен артық тұрған көлік үшін тәулігіне 3000 теңге төленеді. P1-P3 аймағында екінші және үшінші тәулікте 3000 теңге, көлікті үш тәуліктен артық қалдырған жағдайда тәулігіне 4000 теңге,- делінген хабарламада.

Сонымен қатар жабық тұраққа көлік қалдырсаңыз, кейінгі тәулікте көктем-жаз мезгілінде тәулігіне 3000 теңгеге, күз-қыс мезгілінде 4000 теңгеге дейін өседі.

Көлік жүргізушілері 7 тәуліктен 40 тәулікке дейін көліктерін әуежай тұрағына қалдырып кетеді. Соның салдарынан тұрақтан өзге жолаушылар мен шығарып салушыларға тұрақтан бос орын табылмай жатады. Жолаушылардың көліктерін тұрақта ұзақ мерзімге қалдыру қыс мезгілінде қардан тазалау жұмыстарына да кедергі келтіреді.

Әуежайдың көлік тұрағы транспортты қысқа мерзімге қалдыруға арналған. Көлікті ұзақ мерзімге әуежайдың тегін тұрағына қалдыруға болады.