Алматыда Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған республикалық айтыс өтті

Алматыда Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған аламан айтыс өтті.

Айтыста Мұхтар Ниязов бас жүлдені жеңіп алып, 2.5 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды. І орынды Қазірет Бердіхан жеңді, ал Шұғайып Сезімхан мен Жансая Мусина ІІ орын алды. ІІІ орынды Серік Қуанған мен Төлеген Жаманов өзара бөлісті.

айтыс
Фото: Ауылдық аймақты тұрақты дамыту қорының баспасөз қызметі

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен айтысқа 14 айтыскер қатысты. Олардың қатарында Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина, Серік Қуанған, Аспанбек Шұғатаев, Шұғайып Сезімхан, Қазірет Бердіхан, Мұхтар Ниязов, Ардабек Ақбаба, Нұрзат Қаруқызы, Мейірбек Сұлтанхан, Ақниет Жұбаныш, Төлеген Жаманов, Ержан Әміров пен Фархат Марат бар. Кіл жүйрік бақ сынасқан сөз додасының тізгінін әйгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай ұстады.

Алматының халқы да айтысты сағынып қалған екен. Ине шаншар жер жоқ, зал толып отырды. Жыр арқауы – қазақ әдебиетінің заңғар тұлғаларының бірі, классик жазушы Оралхан Бөкей ағамыз. Айтысқа ағамыздың да тікелей қатысы бар. Ол 90-жылдардың кезінде өзі ұйытқы болып, Алматыда бірнеше мәрте айтыс өткізген. Ал бүгін оның мерейтойында ақындар келіп, Оралхан ағаны жырға қосып отыр. Кітап оқитын, әдебиет сүйетін ұлт бар кезде ағамыздың бейнесі жадымыздан өшпек емес, – деді Аманжол Әлтай.

айтыс
Фото: Ауылдық аймақты тұрақты дамыту қорының баспасөз қызметі

Оған қоса іс-шарада композитор, этномузыкант, мәдениет қайраткері Еділ Құсайынов өнер көрсетіп, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесінің театрландырылған көрінісін сахналады. Қонақтар мен игі жақсыларға мерейтойлық медальдар тапсырылды.

Бүгін қазақтың қабырғалы қаламгерінің мерейтойы дүркіреп тойланып жатыр. Оралхан Бөкей шығармаларының өміршеңдігі сондай, оны бір оқыған адам қайта айналып соғып отырады. Осындай дарынды да, талантты перзентті өмірге әкелген шығыстың топырағы мен Шыңғыстайдың ел-жұртына алты Алаштың алғысы шексіз, – деді бас жүлдені иемденген айтыскер ақын Мұхтар Ниязов.

Сонымен қатар Бошай Кітапбайұлының 10 жылдығына арналған арнайы жүлдені Әсем Ережеқызы алса, Абай атындағы халықаралық қор тарапынан берілген жүлдеге Мейірбек Сұлтанхан ие болды.

айтыс
Фото: Ауылдық аймақты тұрақты дамыту қорының баспасөз қызметі

Айта кетсек, жазушының 80 жылдығын тойлау оның туған жері Қатонқарағай ауданынан басталды. Мерейтойдың басты іс-шарасы жазушының туған жері Шыңғыстай ауылында мұражай-үйінің ашылуы болды.

Қатонқарағайлық кәсіпкер Серік Толықпаевтың демеушілігімен қаламгер тұрған үй 10 миллион теңгеге сатып алынып, одан музей жасақталып, мемлекет қарамағына берілді. Шыңғыстай ауылында «Төр Алтай бояулары» республикалық пленар-көрмесі ұйымдастырылып, екі автокөлік тігілген аламан бәйге өтті. Астанада Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған конференцияда жазушының шығармалары мен ол туралы естеліктер жиналған «Шолпандай таң алдында туып-батты» деген кітабы шықты. Мерейтой аясындағы іс-шаралар жазушының жастық шағы өткен Алматыда да жалғасты. Кеңсайдағы қаламгер қабіріне зиярат жасалып, Ұлттық кітапханада «Өр Алтайдың асқақ жыршысы» деген конференция өтті,- делінген хабарламада.

Әдебиет әлемінде өшпес мұра қалдырған Алтайдың Оралханын ұлықтау мақсатында шаралар Ауылдық аймақты тұрақты дамыту қоры мен Қатонқарағай ауданының кәсіпкерлерінің бастамасымен өтті.