Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев санкциялық текетірестерге қарсылық білдіріп, шектеусіз және кедергісіз сауда-саттықты жақтады. Бұл туралы Aqorda.kz хабарлады.
Қазақстан санкциялық текетірестерге қарсы. Өйткені саяси тұрғыда негізделген шектеулер халықаралық қатынастардағы жалпы ахуалға сызат түсіреді және мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына кері әсер етеді. Сонымен бірге біз аймақтық саясаттағы санкциялық шектеулерді ескеруге мәжбүрміз. Бейбітшілік пен ынтымақтастықтың өзара тиімді формуласын табу үшін сындарлы дипломатияның уақыты келді деп санаймыз. Мен бұл туралы жуырда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының мінберінде сөйлеген сөзімде айттым. Қазақстан барлық мүдделі мемлекетпен арадағы кедергісіз сауданы дамытуды және инвестициялық ынтымақтастық орнатуды жақтайды. Құрметті Канцлер, кеше экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөнінде Сізбен және Германияның жетекші компанияларының басшыларымен табысты келіссөз жүргіздім. Мұндай ықпалдастықтың келешегі жарқын болады деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оған қоса мемлекет басшысы германиялық серіктестердің қолдауымен Қазақстанда орнықты егіншіліктің аймақтық орталығын құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймаққа Германияның ірі банктерін тарту инвестициялық ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.
Сонымен қатар президент көлік-транзит саласында тиімді ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталды.
Өңірдің «Солтүстік – Оңтүстік», «Шығыс – Батыс» бағыттары бойынша құрлық көпірі ретінде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, Транскаспий бағдарын дамытудың және оны Global Gateway стратегиясымен ұштастырудың маңызы арта түсті. Ортамерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау ағынының көлемі бес есе артар еді. Осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Германиялық серіктестерді Транскаспий бағдары мен Каспий теңізі порттарын дамытуға, бірлескен кеме өндірісін қолға алуға және логистикалық орталықтар ашу ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан кәсіпорындары әлемдік нарықтағы титан мен басқа да материалдарға деген тапшылықтың орнын толтыруға әзір.