Басты бетЖаңалықтарТөтенше жағдайлар...

Төтенше жағдайлар министрлігінің лауазымды тұлғалары сотталды

Төтенше жағдайлар министрлігі департаменттерінің басшылары сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

Қазақстан әскери сотының апелляциялық алқасында Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Р. Қасыбаевқа қатысты үкім шықты.

Сотталушы мердігер ұйымға нақты орындалмаған жұмыс көлемі үшін толық құнын заңсыз төлеген және техникалық қадағалаудың оң қорытындысынсыз қаланың өрт сөндіру бөлімдерінің бірін пайдалануға қабылдаған. Ол билігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан және өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды, — дейді антикор.

Сонымен қатар Қызылорда облысында төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары Б. Стамқұловқа қатысты үкім шықты.

Б. Стамқұлов Н. Оразбаховтан делдал А. Атажанов арқылы жеткізушіні таңдау кезінде артықшылық көрсеткені және газ толтыру пункттері бойынша жобалық құжаттарға кедергісіз қол қойғанына 500 мың теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сонымен қатар Б. Стамқұлов лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, төтенше жағдайлар министрлігі лауазымды тұлғаларына кездесулер мен бос уақытты ұйымдастыру сылтауымен өзінің бағынышты төрт қызметкерінің 100 000 теңге сомасындағы ақшалай қаражатын иеленген, — дейді ведомство.

Б. Стамқұловқа бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Осы үкіммен пара беруші Н. Оразбахов үш жылға, ал делдал А. Атажанов бір жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталғандарға мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарда жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салынады.

Үкімдер заңды күшіне әлі енбеді.